«Менің атым Қожа» фильмі Венгрияда көрсетілді

«Менің атым Қожа» фильмі Венгрияда көрсетілді
Сурет: Egemen.kz

«Менің атым Қожа» көркем фильмінің көрсетілімі Будапештте өтті.

Қазақ диаспорасының өкілдері және Венгрияда білім алып жатқан қазақстандық студенттер түрлі қызық оқиғаға тап болатын ізденімпаз, мейірімді, мінезі ашық 12 жасар бала туралы кинокартинаны жоғары бағалады, деп хабарлайды Almaty-aksamy.kz.

Қазақ жастары бас қосып, осындай игі шараларды жиі өткізуді жоспарлап отыр. Елшіліктің мәліметі бойынша, Қазақстанның 800-ге жуық азаматы Венгрияның үздік жоғары оқу орындарында білімін жетілдіруде.

«Қазіргі заманда шетелде жүрген қазақ жастары үшін осындай шараның болғаны маңызды. Қазақтың әдет-ғұрпы мен мәдениеті, тілі мен әні, салт-санасын шетте жүрген қазақ жастары сағынады. Сондықтан үлгі, сабақ болатын отандық дүниелерді көрсеткен жөн», - дейді Венгриядағы «Абай» мәдени орталығының төрайымы Оңайша Мандөки.

«Шетелдегі қазақ студенттер отандық фильмдерді көру үшін жиналып, танысып, бір-бірімізбен қарым-қатынасымызды жақсартамыз. Ана тілімізде сөйлесіп, өз мәдениетімізді еске алып және оны жаңғыртамыз деп ойлаймын», - дейді студент Малика Сағынаева.