Жүрек музыкамен бірге соғады

Жүрек музыкамен бірге соғады
almaty-akshamy.kz

Психологтардың пікірінше, музыка адамға өз мақсаттарына қол жеткізуге және өз-өзіне деген сенімін арттыруға көмектеседі.

Әуеннің әсерінен гүл тез өседі деседі. Музыканттардың есту қабілеті жай адамдарға қарағанда жоғары болады екен. Адамның жүрегі тыңдап отырған музыкасының ырғағымен бірдей соғады. Музыка жылап жатқан нәрестені бірден тыныштандырады. Спортпен шұғылдану кезінде әуен тыңдау төзімділікті арттырады деседі. Ежелгі Египетте музыканың көмегімен жүйке ауруларын және ұйқысыздықты емдеген. Әйгілі «Битлз» тобының әншілері бірде-бір нота білмеген. Электрогитараны ойлап тапқан Лео Фендер деген өнертапқыш тіпті сол аспапты тартып көрмеген деседі. Атақты композитор Бетховен музыка шығарар алдында басын салқын суға салып отыратын болған. Зерттеулерге сүйенсек, рок-әншілер өмірден ерте өтеді екен.

Музыканы қосып қойсаңыз, сиыр көбірек сүт береді дейді, ауылдың келіншектері сынап көрсе болады екен. Адам жұмыс істеп жатқанда ән тыңдап жүретін болса, бұлшық еттің жұмыс қабілетін екі есе арттырады екен. Кейбір әуендер операция үстелінде жатқан пациенттің ауруын сездірмейтін күшке ие бола алады екен. Жағымды музыка адамның есте сақтау қабілетін арттырады деседі.

Әзірлеген Нұр ЖАМАЛ.