Жас сарбаздар атқа қонды

Жас сарбаздар атқа қонды
Cурет: Almaty-akshamy.kz

Өткен жылдың қараша, желтоқсан айларында Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөліміне еліміздің түкпір-түкпірінен жас сарбаздар түсті. Олар екі айға жуық оқу пунктінде әскери істің негізі бойынша білім алды.

Әскер қатарына шақырылған жас сарбаздар жан-жақты дайындықтан өткен соң, жауынгерлік қызметке ресми түрде қабылданды. Әскери бөлім командирі, полковник Бақдәулет Оспанбеков іс-шараны ашық деп жариялаған соң, оркестрдің сүйемелдеуімен Мемлекеттік Гимн шырқалып, еліміздің көк байрағы көтерілді. Мемлекеттік Туды көтеру құқығы жауынгерлік қызметтің үздік сарбазы қатардағы жауынгер Сұлтанбек Серікұлына берілді.

Әдеттегідей сапқа жиналған жеке құрамның алдында бригада командирі, полковник Бақдәулет Оспанбеков жауынгерлік қызметтің маңызы мен оларға артатын жауапкершілігі туралы айтып өтті. Сондай-ақ заңдылық пен әскери жарғы талаптарын қатаң сақтауды, халыққа қалтқысыз қызмет етуді тапсырды.

Әскери бөлім ардагері, отставкадағы полковник Александр Зелинский бүгінгі салтанатпен құттықтып, жауынгерлерге қызметтеріне сәттілік тіледі. Зейнетке шықса да, әскери бөлімнің өмірімен әлі де біте қайнасып жүрген зейнеткер тәрбиеші-офицердің ақыл-кеңесі мен ізгі тілегі жас жауынгерлерді қанаттандыра түсті. Сонымен қатар, әскери бөлімнің қызметіне тікелей қатысты, өзара бірлесіп қызмет атқаратын Алматы қаласының Ішкі істер департаментінен де қызметкер келді. Медеу аудандық полиция басқармасының аға инспекторы полиция аға лейтенанты Нұрсұлтан Нұржанов құттықтау сөз сөйлеп, жас сарбаздардың қоғамдық тәртіпті сақтаудағы жауынгерлік қызметтерін адал атқаратындарына зор сенім білдіретінін айтты.

Екі айлық дайындықтан өтіп, алғашқы жауынгерлік қызметке шыққалы тұрған жауынгердің бірін сөзге тарттық.

«Бүгін менің өмірімдегі өте қуанышты әрі жауапты күн. Біз алғаш рет жауынгерлік қызметке шыққалы тұрмыз. Жас сарбаздар осы күнге дейін теориялық және тәжірибелік тұрғыдан алған білімдерін іс жүзінде көрсетулері керек. «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан, Ұлттық ұлан – елі мен халқына қорған!» деген ұранмен оңтүстік астанамыз – Алматы қаласының аудандарындағы қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында қызметке шықпақпыз. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмас, тәртіпке бағынған құл болмас» деген сөздеріне сүйенер болсақ, бізге ең алдымен керегі – темірдей тәртіп, қырандай қырағылық және жалындаған жауынгерлік рух деп ойлаймын. Осы айтылған үш қасиетті сақтай отырып, қызмет атқарар болсақ, қала тыныштығы тұрақты болады деп сеніммен айтар едім», – деп ағынан жарылды бөлімнің жедел мақсаттағы 2-ротаның қатардағы сарбазы Дінмұхамед Жалғас.

Ол – әскерге Қазақстанның батыс өңірінен келген ұлан.

Барлық сарбаздың да көкейінде осы мақсат, тілек тұрды деп сенеміз.