Самал-3-тегі тұрғын үй кешенінің құрылысы: Сағынтаев жағдайға араласты

Самал-3-тегі тұрғын үй кешенінің құрылысы: Сағынтаев жағдайға араласты
сурет: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Самал-3 шағынауданы тұрғындарының жаңа тұрғын үй кешенін салуға қатысты шағымына жауап берді, деп хабарлайды  Almaty-akshamy.kz  Tengrinews.kz -ке сілтеме жасап.
Шағынаудан тұрғындары бұған дейін құрылысты тоқтату үшін шенеуніктермен бірнеше рет кездесу ұйымдастырған. Содан кейін олар қала әкімінен тұрғын үй кешені орнына келіп, жағдайға араласуын сұрады.

«Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша Меңдіқұлов көшесінде жүк көтергіш көліктердің өтуіне тыйым салынғаны туралы белгі қойылады, сондай-ақ, Самал-3 шағынауданы, 37/2, 37/3 учаскесі мекенжайы бойынша орналасқан «Жастар тұрғын үй кешені жерасты паркингі, Халыққа қызмет көрсетуге арналған тұрғын емес үй-жайлары бар» нысанының құрылыс алаңына кіруді жабу тапсырылды. Қазіргі уақытта Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы жоғарыда көрсетілген мекенжай бойынша нысанға кіреберіс пен шығаберіске бетон блоктар қойды», - делінген Алматы әкімдігінің хабарламасында.
Бұған дейін құрылыс компаниясының өкілі тұрғын үй кешенінің жері былтыр сатып алынғанын және бұл жерде жергілікті тұрғындар айтқандай ешқашан саябақ болмағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл учаскеге 2003 жылы «көп пәтерлі тұрғын үй кешені мен бизнес-орталық салу үшін» деген нысаналы мақсат берілген.
Еске салайық, былтыр күзде алматылықтар Самал-3 шағынауданындағы жалғыз саябақ орнына тұрғын үй кешенін салуға шағымданған болатын. Кейін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғындардың рұқсатынсыз құрылысқа рұқсат бермеуді тапсырды.
Бір айдан кейін жергілікті тұрғындар саябаққа Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді сұрады. Ал осы жылдың басында құрылысшылар учаскеге кейбір жұмыстар үшін экскаватор кіргізігісі келді. Алайда жергілікті тұрғындар бұған жол бермеді.