Үкіметтің басы жаңарды...

Үкіметтің басы жаңарды...
Сурет: Almaty-akshamy.kz коллажы

Almaty-akshamy.kz сайтында бүгін жарық көрген жаңалықтарға шолу – күн керуені

12 - премьер

Кешеден бері елдегі ең темепературасы жоғары болған сұрақтың жауабы бүгін табылды. Еш тәуіптің құмалағына түспеген, ешбір жауырыншы анықтай алмаған кандидат Олжас Бектеновті ҚР Премьер-министрі етіп тағайындау туралы Президенттің  жарлығы шықты.

Қ.Тоқаев қол қойған жарлықта: «Олжас Абайұлы Бектенов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып тағайындалсын, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылсын», - делінген.

Сонымен қатар Президенттің  жарлығымен бірнеше министр өз орнында қалды.

Қошанов қайда жүр?

Мәжіліс төрағасының бүгінгі Мәжіліс отырысына қатыспау себебі белгілі болды. Ерлан Қошанов коронавирус инфекциясына шалдыққан.

Үкімет басынан үміт көп...

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің жалпы отырысында жаңадан жасақталатын Үкіметтің алдында тұрған міндеттерді атап, дәл қазір босаңситын кез емес екенін еске салды.

«Бірақ біз еліміздің әлеуетін одан әрі арттырумыз керек. Бұл алдымызда тұрған биік мақсат. Сондықтан босаңсуға болмайды. Басқа сөзбен айтқанда, ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін мұның бәрі жеткіліксіз екені анық. Қазақстанды озық елге айналдыруымыз керек. Бұл жай ұран емес. Бұл – біздің нақты жоспарымыз. Бізге керегі  –  дамудың сара жолы. Сондықтан түбегейлі саяси реформалар жүргізумен қатар еліміздің қоғамдық-экономикалық өмірінде терең өзгерістер жасау үшін батыл шаралар қабылдауымыз қажет. Ең бастысы, біздің барлық іс-әрекетіміз Әділетті Қазақстан құру қағидатына сай болуға тиіс», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Әкімшілігінің Басшысы тағайындалды

Ол бұған дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы болған Айбек Дәдебаев.  

Қозғалыс шектеліп тұр

Ауа райының қолайсыздығына байланысты 6 облыста республикалық маңызы бар автожолдардың 16 учаскесінде көлік қозғалысына шектеу енгізілді. Автокөліктің барлық түріне шектеу енгізілген. Автожолдарды қысқы күтіп-ұстауға 673 бірлік техника мен 1285 жолшы жұмылдырылды.

Патшалар да пенде ғой...

Ұлыбританияның 75 жастағы королі III Чарльздің қатерлі ісікке шалдыққанын Букингем сарайы хабарлады.

«Диагностикалық тексерулер қатерлі ісіктің түрін анықтады. Король дүйсенбіден бастап тұрақты емделуге кірісті. Ол тезірек емделуге құштар және мүмкіндігінше мемлекеттік қызметке толықтай оралуға асығады», - делінген хабарламада.

Биылғы декларацияны кім тапсыру керек?

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсыруға тиіс. Бұл талап әрекетсіз және қызметін тоқтатқан тұлғаларға да қолданылады.

25 млн теңгені жымқырған

«Ертіс орманы» басшысы пара алды деген күдікке ілінді. Ол кәсіпкерлерге іскерлік орманды заңсыз кескені және сатқаны үшін пара алудың қылмыстық схемасын ұйымдастырғаны анықталды. Резерват басшысы 2 ай мерзімге қамауға алынды. Сонымен қатар, Резерваттың бес бухгалтеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, олар 2021-2023 жылдар аралығында өздерінің карточкалық шоттарына, сондай-ақ мекеменің жұмыс істеп тұрған және бұрынғы қызметкерлерінің шоттарына жалақыны есептеу және аудару арқылы 25 млн теңге сомасында аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырған. Келтірілген материалдық залал ішінара өтелді. Тергеу жалғасуда.

Колониядағы ағасына ақша өткізбек болған...  

Әйел адам, сөмкесінің ішіне ақша тігіп алған. Мекеме қызметкерлерінің қырағылығының нәтижесінде тексеру кабинетінен 5000 және 10 000 теңге номиналындағы ақша табылып, тәркіленді.

«Ескертулерге қарамастан, сотталғандардың туыстары мен жақын адамдары талаптарды орындамай, мекемедегі сотталғандарға тыйым салынған заттарды өткізу әрекеттерін жалғастырып жатыр», – деді мекеме бастығы Ермек Күздеубай.

Елдегі қоқыс полигонының 80 пайызға жуығы нормаға сай емес

«Әкімдіктермен және орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп шағын және шалғайдағы елді мекендерде қатты тұрмыстық қалдық полигондарын ресімдеу тетіктерінің пысықталып жатқандығын атап өткен жөн. Атап айтсақ, осы орындарға қойылатын міндетті ең төменгі экологиялық, санитариялық-эпидемиологиялық және құрылыс саласындағы талаптар талқылануда», -  деп хабарлайды ҚР экология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушы Ерлан Нысанбаев.

Алматыда ұрлық азайыпты

Полицияның алдын алу шараларының арқасында бөтеннің мүлкін ұрлау саны 36%-ға азайды, бұл қылмыстың ашылуы 13,9% - ға артқан.

«Көбінесе 1-2 қабаттағы пәтерлерде тұратын адамдар терезені ашып кетеді. Бұл жағдайда терезелер торлармен жабдықталмаған. Сондай-ақ, ұрылар әлеуметтік желілерді бақылап отырады, иелері демалысқа кеткенін сол жерден біліп отырады. Адамдар өздері «біз 10 күннен кейін боламыз» деп  демалысқа кеткендерін аңдамай хабарлап отырады», - деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.  

Жемқорлардан жиырма мектеп

Олардан тәркіленген қаржыға тағы 20 жаңа мектеп салынады. Бұл қаражатқа салынатын білім беру нысандарының тізімі ведомствоның сайтында жарияланған.

Шымкент қаласында, Жетісу және Қызылорда облыстарында үш мектептен, Жамбыл облысында төрт мектеп, Астана қаласы мен Алматы облысында екі мектептен, БҚО, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында бір мектептен салынады.

Парижге барамыз ба, жүлделі боламыз ба?

Париж Олимпиадасына дайындық жұмыстарына арналған Штаб өз жұмысын жалғастырып жатыр.

ҚР Спорт комитеті мәлім еткендей, XXXIII жазғы Олимпия ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.

Қазіргі таңда Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынында Париж Олимпиадасының 19 лицензиясы (спорттың 8 түрінен) бар (садақ ату – 4, велошоссе – 3, нысана көздеу – 5, қазіргі бессайыс – 2, бокс – 2, грек-рим күресі – 1, еркін күрес – 1, спорттық гимнастика – 1). Олимпия ойындарына дейін 69 лицензиялық жарыс қалды. Оның ішінде 5 әлем чемпионаты, 7 Азия чемпионаты және 57 рейтингтік турнир бар.

Өзгеге өмір сыйла...

Ертең Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқарамасының ШЖҚ «№5 қалалық емхана» КМК  және «Qamqor Charity» ҚҚ-ның ұйымдастыруымен дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күніне орай қан донорларына арналған «Қан тапсырып, өзгеге өмір сыйла» атты акциясы өтеді.

Тапсырылған қан Алматы қаласындағы «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» мен «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының» онкология және онкогаметология бөлімшелерінде емделетін науқастардың еміне қолданылады.