Үкімет басшысы зардап шеккен кеншілердің жағдайын сұрауға барды

Үкімет басшысы зардап шеккен кеншілердің жағдайын сұрауға барды
Сурет: Рrimeminister.kz

Кеншілердің көбі газдан уланған.

Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Костенко атындағы шахтада өрт салдарынан зардап шеккен кеншілерге барды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада зардап шеккен 20 адам қажетті ем қабылдап жатыр.

Бас дәрігер Еркін-Дәуір Құрманғалиевтің айтуынша, науқастар әртүрлі аппараттар, соның ішінде КТ және УДЗ арқылы, сондай-ақ түрлі сала мамандарын тарту арқылы толық тексерілген. Олардың көпшілігі газдан уланған, барлығының жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Премьер-министр зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуі керектігін қадап айтты.

"Тез сауығып, отбасыларыңызға оралуларыңызға тілектеспін", - деді Әлихан Смайылов.

Шахтерлердің бірі қаза тапқан кеншілердің отбасыларына қандай көмек берілетінін сұрады.

"Бұл – шынымен де өте ауыр қасірет. Қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамыз. Бүгін мемлекет басшысы қаза тапқандардың отбасыларына қажетті қаражат бөлу туралы тапсырма берді. Толығымен қолдау көрсетеміз: баспана, несиелерді өтеу, балаларды оқыту, біржолғы төлемдер – мұның барлығымен қамтамасыз етеміз", - деді премьер-министр.