Тұрмағамбеттi қайта тiрiлткен

Тұрмағамбеттi қайта тiрiлткен
aqmeshit-aptalygy.kz

зерттеушi-ғалым Мардан Байдiлдаев едi

  1926 жылдың күлiмдеген көктемiнде қазiргi Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы iргелi ауылдардың бiрiнде дүрiлдеген үлкен той болып жатты. Той иесi осындағы Жетiру-Керейiт деген елден шыққан нағыз «шынжыр балақ, шұбар төстiң» өзi, атақты би Келдiбай би болатын. Ауылдың үлкен-кiшiсi бар, сырттан келген қонақтар бар, алты ай қыстың әлегiнен ендi босап шыққан мезгiлде өтiп жатқан шiлдеханаға жұрт шын ынта-ықыласымен жиналды. Атақты бидiң бәйбiшесi ұл тапқан едi.

Алты ай қыстың аяғы бiтiп, күн жылына бастағанда жолға шыққан белгiлi ақын Тұрмағамбет Iзтiлеуов Ақмешiттен елге қарай қайтып келе жатқан болатын. Жол үстi болған соң, өзiнiң ағасы Келдiбай бидiң ауылына қарай ат басын бұрады. Қалың елге кеңiнен танымал ақын келгенде, ауылдағы той қызып жатқан едi. Тұрмағамбет ақынды ел-жұрт қуана қарсы алды.

– Көнекөз қариялардың айтуынша, сонда Келдiбай би «Құтты қонақ келсе, қой егiз табады» деген  жоралғымен Тұрмағамбетке өтiнiш айтып, баласына ат қойдырады. Сонда Тұрмағамбет өзiнiң қиялын тербеп жүрген парсының атақты «Шаһнамасындағы» үлкен батырдың бейнесi Шаһмарданның аты аузына түсiп, үш рет құлағына айғайлап, азан шақырып жаңа туған нәрестеге Шаһмардан деп ат қойыпты. Бұл бала кейiннен үлкен зерттеушi-ғалым болған өзiмiздiң Мардан Байдiлдаев едi. 50-жылдардың аяғында байдың тұқымы, бидiң баласы деп қудалауға түсiп жүрген сәттерiнде өз есiмiнiң басындағы «Шаһ» сөзiн айтпай, ел арасында Мардан болып аталып кетiптi, – дейдi жыршы-өнертанушы, филология ғылымының кандидаты Берiк Жүсiпов.

Тұрмағамбет ақынның қиялын тербеп жүрген Шаһмардан бейнесi парсының атақты ақыны Фирдоусидың «Шаһнамасынан» алынған едi. Бiр қызығы – арада он жыл уақыт өткенде Тұрмағамбет Iзтiлеуовтiң осы «Шаһнаманы» аударуына тура келедi.

Кеңес Одағының кезiнде өнер мен әдебиетке жақсы көңiл бөлiнетiн едi. 1934 жылдың айналасында бүкiл Кеңес Одағы болып әйгiлi парсы ойшылы, ұлы ақын Фирдоусидың 1000 жылдық мерейтойын атап өтiп жатты. Осыған орай одақтас елдердiң белгiлi ақындары Фирдоусидың атақты «Шаһнамасын» өз тiлдерiне аудара бастаған болатын. Қазақ тiлiне аудару тағдыр жазып, Тұрмағамбет Iзтiлеуовтiң еншiсiне бұйырды.

Сыр сүлейi атанған Тұрмағамбет ақынның «Шаһнаманы» аударуына оның өзiнiң шәкiртi болған белгiлi қоғам қайраткерi Темiрбек Жүргенов себеп болған едi. Фирдоусидың 1000 жылдығына орай «Шаһнаманы» аудару қолға алынғанда, парсының белгiлi ғалымы Садриддин Айни де, қоғам қайраткерлерi Мирзоян мен Темiрбек Жүргенов те қазақ тiлiне аударуды Тұрмағамбетке тапсырған жөн деп тапты. Тұрмағамбет «Шаһнаманы» 10 айда аударып шығады.

  – 1936 жылы он айдың iшiнде «Шаһнаманы» аударып шыққаннан кейiн үкiмет Тұрмағамбетке 500 сом көлемiнде зейнетақы тағайындайды. Бiрақ оған бұның зейнетiн көру бұйырмады деуге болады. Осы арада айта кететiн нәрсе – Тұрмағамбет өзiнiң әйгiлi ұстазы Фирдоусидың тағдырын қайталап шықты. Махмұд Ғазнауи сұлтанның ұсынысымен Фирдоуси «Шаһнаманы» жазғанда, Ғазнауи оған 1000 дiлдә алтын беруге уәде еткен едi. Алайда, сұлтанның қаһарына ұшыраған Фирдоуси қажып, өзiнiң туған жерi – Тус қаласында өмiрден өтедi. Сол кезде баяғы бермек болған алтынның орнына он түйеге артылған күмiс қала қақпасының бiр шетiнен кiрiп келе жатыр едi. Ал бұл уақытта Фирдоусидың табыты салынған керуен қаланың екiншi қақпасынан шығып бара жатқан болатын. Тұрмағамбеттiң басынан да дәл осындай жағдайды көруге болады, – дейдi ғалым Серiкбай Қосан.

  Шынында да, «Шаһнаманы» аударып болған Тұрмағамбеттi 500 сомның орнына абақты күтiп тұрған едi. Ол өзi бұрын 1931 жылы бай-феодалдарды қуғындау науқаны кезiнде де Қармақшы мен Қазалы түрмелерiнде отырып шыққан болатын.

  Қуғын-сүргiн жылдарында Темiрбек Жүргенов «халық жауы» атанып ұсталып кеткен соң, «үш әрiптiң» адамдары оның жұмыс үстелiнiң үстiнен Ахмет Байтұрсынов пен Тұрмағамбет Iзтiлеуовке қазақ әдебиетi мен мәдениетiне сiңiрген еңбегi үшiн тағайындалған өмiрлiк зейнетақы туралы шығарылған шешiмдi тауып алады. Осыдан кейiн олар «жапон шпионы» болған «халық жауымен» байланысың бар деген желеумен Тұрмағамбеттiң iзiне түседi. Бұрын да түрме дәмiн татқан Тұрмағамбеттi тағы да темiр тор күтiп тұрды.

  – «Жапон шпионымен» байланысың болды деген әңгiмемен түрмеде Тұрмағамбеттiң жасына да, ел алдындағы атақ-абыройына да қарамай, ұрып-соғып, қинап, мойындатудың түрлi амал-айлаларын жасайды. Солардың кесiрiнен аурулы болған Тұрмағамбет елге келген соң көп ұзамай, 1939 жылы дүние салды, – дейдi филология ғылымының кандидаты Берiк Жүсiпов.

  1926 жылы Ақмешiттен қайтып келе жатқанда, шiлдехана үстiнен түсiп, өзi атын қойған бала – Мардан Байдiлдаев кейiннен қазақтың үлкен фольклортанушы ғалымы болып шықты. Тұрмағамбеттiң сол уақыттағы сенiмi алдамаған едi. Мардан Байдiлдаев 1957 жылы Тұрмағамбеттiң ауылына барып, ағайын-туғандарының рұхсатымен Сыр сүлейi өзi көзi тiрiсiнде көмдiрiп кеткен қолжазбаларын қазып алады. Бұл 35 дәптерден тұратын атақты «Шаһнаманың» қолжазбасы болатын.

  – Мардан Байдiлдаев Сыр бойының өнерi десе, жалпы мәдениет пен өнер десе iшкен асын жерге қоятын адам едi. 1937 жылдың құрбаны болған қаншама қайраткердiң ақталып шығуы мен олардың қайтадан тарихқа енуiне ол кiсi орасан зор еңбек сiңiрдi. Қарапайым тiрлiк кешкен Мардан өзiнiң қоңырқай өмiрiне қарамастан, қуғын-сүргiн құрбандарының әйелдерi мен ұл-қыздарын, тiптi, өзiнiң жеке ақшасына қажет жерiне алып барып, алып келiп жүрдi. Оған талай жұрт куә бола алады, – дейдi зерттеушi-журналист Тынышбек Дайрабай.

  Қарап тұрсаң, өмiр деген нәрсе адам бiлiп болмайтын беймәлiм бiр байланыстардан тұрады. Жаңа туған нәрестеге Тұрмағамбеттiң Шаһмардан деп ат қоюы, кейiннен оның сол кейiпкер бейнеленген «Шаһнаманы» аударуы, артынан сол Фирдоусидың тағдыр-талайын кешуiнiң арасында белгiсiз бiр байланыстар жатқан сияқты. Тiптi, Тұрмағамбеттiң өзiнiң қайта тiрiлуiне себеп болған Мардан Байдiлдаев едi.