Талғарлық шебер автоүй құрастырды

Талғарлық шебер автоүй құрастырды
Cурет: Скрин

Ұзындығы 5, биіктігі 3 метр болатын көліктің ішінде кереуеттер, жуынатын бөлме, әжетхана, ыстық су, газ пеші және тоңазытқыш бар

Ел іші – өнер кеніші. Алматы облысы Талғар қаласының тұрғыны қарапайым көліктен автоүй жасап алған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап. 

Отбасылық демалысқа арналған машинада өмір сүруге қажеттінің бәрі бар. Импорттық үйлер көңілінен шықпаған соң әрі біздің жолдарға бейім болмағандықтан өз қолымен құрастыруға бел буыпты. 

Қарапайым пикаптан жасалған бұл автоүй шағын отбасына әбден лайық. 5 адамға арналған көлікті қысқы маусымда да пайдалануға болады. Яғни шатырдағы күннен қуат алатын панель электр қуаты, жылу мен ыстық суды қамтамасыз етеді. Ал көліктің қабырғасы қыстыгүні аяз өткізбейтін арнайы материалмен қапталған. 

Евгений Мельников ұзақ жыл жүк көлігін тізгіндеп, ауыр техникаларды жөндеумен айналысқан. Отбасымен жиі саяхатқа шығатын шебер автоүй сатып алғысы келгенімен, еліміздегі жолға шыдамды әрі өзінің талғамына сай көлік таппаған. Содан кейін арманындағы автоүйді өзі құрастыруға кірісіпті. 

«Екі жылда жасалған бұл көліктің өзге автоүйлерден сырттай айырмашылығы жоқ болғанымен, сапасы мен техникалық мүмкіндігі жоғары», – дейді шебер. 

«Біз төрт жылда бұл көлікпен Түркістан, Тараз, Шымкент және Балқашқа барып қайттық. Шонжыға жиі барып тұрамыз. Қонақ үй іздеп, дәмхана іздеп әуре болмаймыз. Өзіміз тамақ жасап, осында түнейміз. Енді осы автоүймен Еуропаға саяхаттап қайтуды армандаймын»,-дейді шебер Евгений Мельников.  

Ұзындығы 5, биіктігі 3 метр болатын көліктің ішінде кереуеттер, жуынатын бөлме, әжетхана, ыстық су, газ пеші және тоңазытқыш бар. Осы ауыр салмақты берік қылу үшін құрылымның қабырғасы мен шатыры ағаштан ойылып, кемеге арналған желім пайдаланылған. Ал импорттық автоүйлердің құрылымы әлсіз, желімі сапасыз болады екен.

 «Бұл автоүйді жасау барысында әртүрлі идеяларды жүзеге асырдық. Үйді еденінен бастап құрастырдық, электр сымдарын тартып, салқындатқыш пен жылу құбырларын жүргіздік. Қолымыз бос кезде айналысқандықтан екі жылдай уақыт пен 10 миллионнан аса қаражат кетті»,-деді шебер.

Евгений Мельников бос отырмай, екінші жобасын бастап кеткен. Енді ол 3 адамға арналған, шағын автоүй құрастырып жатыр. Екінші жоба қарапайым әрі жеңіл болатынын айтады.