Су ресурстарын үнемдеуді суретпен бейнелеген оқушылар марапатталды

Су ресурстарын үнемдеуді суретпен бейнелеген оқушылар марапатталды
Сурет: Gov.kz

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су үнемдеу тақырыбындағы республикалық сурет және шығармалар байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Үздік жұмыстардың авторлары планшет, кітаптар, грамота және басқа да естелік сыйлықтар алды. Жеңімпаз оқушылардың мұғалімдері де алғыс хатпен марапатталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қазақстанның барлық өңірінен 1000-нан астам бала қатысқан байқауда бес оқушы жеңімпаз атанды.

Атап айтқанда, 5-10 жас аралығындағы үміткерлер арасында «Үздік сурет» номинациясы бойынша Ақтөбе қаласындағы №19 орта мектептің 4 сынып оқушысы Шыныбай Айзере жеңімпаз атанды. Ал, 11-16 жас аралығындағы қатысушылар арасында Павлодар облысы Песчаное ауылындағы ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі Ситников Сергей үздік болды.

Ақтөбе қаласындағы Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназияның 10 Б сынып оқушысы Мақсат Әлияның да суреті марапатқа ие болды.

«Үздік шығарма» номинациясы бойынша Астана қаласының физика-математика бағытындағы НЗМ 9G сыныбының оқушысы Нұрхат Әмина және Атырау облысы Құрманғазы ауданы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептің 8 сынып оқушысы Байзул Гүлсім жеңімпаз атанды.

Марапаттау рәсімінен кейін Нұржан Нұржігітов байқау жүлдегерлерімен су ресурстарын сақтаудың маңызы туралы әңгімелесті.

«Белсенділік танытып, байқауға қатысқан барлық үміткерлерге шығармашылық еңбектері мен су үнемдеу тақырыбына қызығушылық білдіргендері үшін үлкен алғыс айтқым келеді. Барлық қатысушыларға министрдің атынан алғыс хаттар табысталады. Бұл біздің министрлік ұйымдастырған алғашқы, бірақ соңғы байқау емес. Сондықтан оқушылардың өз таланттарын көрсету мүмкіндігі әлі де болады. Байқауға қатысушылардың қабілетін толық ашуға көмектескен, оларға қажетті бағыт берген мұғалімдерді де ерекше атап өткім келеді»,– деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.