Табиғи аумақтарда от жаққан демалушыларға айыппұл салынбақ

Табиғи аумақтарда от жаққан демалушыларға айыппұл салынбақ
Cурет: Pikabu.ru

Табиғатты қорғау аймақтарында от жаққан тәртіп бұзушыларға 306 мың теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

Бұл туралы брифинг барысында Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қасымбаев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Egemen.kz-ке сілтеме жасап. 

«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда және белгіленбеген жерде от жаққаны үшін Орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 367-бабы бойынша әкімшілік айыппұл салуға уәкілетті екенін атап өткім келеді, Жеке тұлғаларға салынатын айыппұл сомасы - 10-нан 100 АЕК-ке дейін, ал бұл 30 630 теңгеден 306 300 теңгеге дейін», - деді Руслан Қасымбаев.

Спикердің сөзінше, төтенше жағдайлар департаменті, полиция басқармасы мен Іле Алатау паркінің қызметкерлері 95 рейд жүргізген. Нәтижесінде 45 өрттің алдын алып, 45 тәртіп бұзушыны әкімшілік жауапқа тартты.

Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы қала тұрғындары мен қонақтарына таулы орман алқабындағы өрт қауіпсіздігі ережелерін еске салды.

«Бірінші кезекте өрт шығуы мүмкін қоқыстарды шығару қажет. Сондай-ақ қатаң белгіленген орындардан тыс жанып тұрған сіріңке, темекі қалдығын лақтыруға, құрғақ шөптерді жағуға, от жағуға және барбекю құралдарын пайдалануға тыйым салынады», -  деді ол.

Демалушыларға ақпарат, Іле Алатауы ұлттық саябағында ыстық тамақ пісіруге арналған арнайы жабдықталған 14 орын (орындық, үстел, от жағуға арналған бетондалған алаң, барбекю), Алма-Арасан шатқалының аумағында 12 орын бар. Үлкен Алматы, Казачка өзендерінде және Бутаковкада 2 орын белгіленген.