Сенаторлар Ұлттық ұланда болды

Сенаторлар Ұлттық ұланда болды
Сурет: Ұлттық ұлан

Қазақстан Республикасы Мәжілісі Сенатының Асқар Шәкіров бастаған халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары елордалық 5573 Ұлттық ұланның әскери бөліміне барды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Халық қалаулыларын Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Қайрат Үмбетов пен әскери бөлім басшылығы қарсы алды.

Ұлттық ұлан Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдарының бiрыңғай жүйесiне кiредi және жеке бастың, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қолсұғушылықтардан қорғауға арналған. Сондай-ақ, Ұлттық ұланға басқа да тапсырмалар жүктелген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық ұланды сандық және сапалық жетілдіру бойынша бірқатар тапсырмалар қойған. Қазақстан Республикасы iшкi iстер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-майор Еркін Ботақановтың басшылығымен жоғарыда аталған тапсырмалар біртіндеп жүзеге асып келеді. Бүгін Сіздердің назарларыңызға елордалық жедел құрама – 5573 әскери бөлімінің тыныс-тіршілігі ұсынылатын болады. Әскери бөлім командирі, полковник Аян Есжанов Сіздерді жауынгерлік даярлау деңгейімен, сондай-ақ әскери бөлімнің материалдық-техникалық жарақтандыру жағдайымен таныстырады, - деді Халық Қаһарманы, әскердің Бас тәрбиешісі, полковник Қайрат Үмбетов.

Кездесу барысында әскери бөлім басшылығы сенаторларға құраманың қызметтік-жауынгерлік қызметі және әскери бөлімнің атқаратын міндеттері туралы баяндады. Сондай-ақ депутаттарға тұру жағдайлары, қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі жауынгерлік қызметке дайындық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және қызметтік иттерді қолдану тәртібі көрсетілді.

Қазір елімізде қауіпсіздігіміз нақты өз орнында екені сөзсіз. Бүгін әскери бөліммен танысқанымызда жауынгерлердің материалдық қамтамсыз етуіне, техникалық және қару-жарақ жабдықталуына көз жеткіздік, - деді Сенат депутаты Генадий Шиповских.

Оның әріптесі сенатор Ғалиасқар Сарыбаев болса, Ұлттық ұланның ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамсыз ету орнына тоқталды. Сондай-ақ, елордалық жедел құрама үлгілі әскери бөлімдердің бірі екенін айтып өтті.

Кездесу барысында көтерілген барлық мәселелер сенаторлардың назарына алынды, сондай-ақ депутаттардың одан әрі заң шығару қызметі пайдаланылатын болады.