Сенаторлар алматылықтармен жүздесті

Сенаторлар алматылықтармен жүздесті
Суретті түсірген Қайрат ҚОНЫСБАЙ

Мегаполиске Қазақстан Республикасы Сенатының бірқатар депутаттары жұмыс сапарымен келді. Олар шаһардың өзекті мәселелерін ортаға салды.

Достық үйінде ҚР Парламенті Сенатының депутаттары қалалық мәслихат депутаттарымен елімізде жүргізіліп жатқан кешенді демократиялық реформалар мен Қазақстанның саяси жүйесін қайта жаңғыртуды талқылады.

Кездесу барысында депутаттар Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына егжей-тегжейлі тоқталды. Жоспар шеңберінде мәслихат тарапынан депутаттық корпустың белсенді және ашық жұмысын қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерін жұмсап, қала тұрғындарының сұраныстары мен уақыт талаптарын ескере отырып, бірқатар инновациялар енгізетін болады.

Мәслихат төрағасы Станислав Канкуров, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік саясатты іске асыру, бюджет қаражатын тиімді жұмсалуын бақылау және қалалық бағдарламаларды орындауды қамтамасыз ету, азаматтардың ұсыныстарын қарастыру және проблемаларын шешу, қаланың жүйелік проблемаларын жою жөнінде ұсыныстар әзірлеу, мегаполисті одан әрі дамыту жөнінде бастамалар дайындау мәслихат жұмысындағы басты басымдықтар болып табылатынын атап өтті.

Сондай-ақ, іс-шара барысында Алматы қаласының бірқатар экономикалық, әлеуметтік және экологиялық проблемалары талқыланды. Мәслихат депутаттары Сенат депутаттарына ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бұқаралық спортты дамыту, дәрілік препараттарға бағаны төмендету, ақыл-есі кем балаларға мүгедектік тағайындау тетігін қайта қарау, шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы туралы мәселелерді шешуде қолдау көрсету туралы өтінішпен жүгінді.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы 22 желтоқсанда ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында депутаттар ҚР «Агломерацияларды дамыту туралы» заңын, сондай-ақ оған ілеспе түзетулер пакетін қабылдап, Президентке қол қоюға жолдаған болатын. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Агломерацияларды дамыту туралы» заңға қол қойды. Осыған байланысты депутаттар еліміздегі ірі Алматы агломерациясын дамыту үшін Сенат пен мәслихат депутаттарының күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.

 

Тақырыпқа орай

Нұртөре ЖҮСІП, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Қазіргі таңда Сенаттың да атқаратын өкілеттілігі күшейіп келеді. Жоғарғы палата өкілдері Алматы қалалық мәслихаты депутаттарымен жолығып, көптеген әлеуметтік, экологиялық, экономикалық мәселелерді ортаға салды. Бұл өте жақсы бастама деп ойлаймыз. Өйткені, қазір Парламентте депуттардың бастамашылдығымен заң жобасын даярлау жағы күшейді. Жақында ғана Мемлекет басшысы «Агломерация» туралы заңға қол қойды. Бұл дегеніміз, мегаполистің қарқын алуына септеседі. Сонымен бірге іргелес жатқан елді-мекеннің жағдайы, қарым-қатынас мәселесі, экология, оқу-ағарту бәрі кешенді түрде жоспарланатынының бір көрінісі. Яғни, аталған проблемаларды қаржыландыру тетіктері таба отырып, көп ұзатпай шешімі табылады деп білеміз. Алматылықтарды толғандырған ойларды жадымызға тоқып, түртіп алдық. Алдағы уақытта депутаттық сауалдар, басқа да заң жобаларында айтылған ұсыныс пен пікрілердің шешу жолдарын қарастырамыз.

Динар НӨКЕТАЕВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Конституцияға енген өзгертулер мен толықтырулар нәтижесінде Парламенттің рөлі артты. Соның нәтижесінде азаматтардың құқығын қоғау тәсілдері жетілдірілді. Халықтың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндіктері кеңейді. Ол өзгерістер жаңарудың басы ғана. Саяси реформалау одан әрі жалғаса береді.

Сенаттың атқарып, ел дамуның өркендеп өсу жолында істеп келе жатқан ілкімді істері жетерлік. Өзім де осы бір қыруар шаруаның бел ортасында жүрмін. Алматы біз үшін ыстық. Осыдан тура 6 жыл бұрын депутат болып сайланған едім. Сол уақытта сайлаушылардың қолдауын сезіндім. Әлі де сезініп, соған сай істер атқарып келеміз. Сүйікті шаһарымыз дамуы көз алдымызда. Қоян жылында татулық, ынтымақ, бірлік болсын!