Елена Рыбакина Дубайда әлемнің төртінші ракеткасын жеңді

Елена Рыбакина Дубайда әлемнің төртінші ракеткасын жеңді
Сурет: Ашық дереккөз

Бір сағатқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 3 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың төртеуін өз пайдасына жазды

Қазақстандық Елена Рыбакина Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан World Tennis League командалық турнирінің топтық бәсекесінде әлемнің төртінші ракеткасы, франциялық Каролин Гарсиямен кортқа шықты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы қарсыласын 7:5, 6:1 есебімен тізе бүктірді.

Бір сағатқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 3 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың төртеуін өз пайдасына жазды.

Осылайша, «Қаршығалар» тобында өнер көрсететін Е.Рыбакина үш кездесуінде де қарсыластарынан басым түсті.

Кеше Астанада «Қазмедиа» орталығында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі үздік спортшылар, бапкерлер, мекемелерді марапаттаған еді. Онда «Жыл жаңалығы – үздік спортшы» аталымы бойынша жеңімпаз атанған Елена Рыбакина осыған орай өзінің алғысын білдірді.

«Маған дауыс бергендердің бәріне алғысымды айтқым келеді. Бұл мен үшін үлкен құрмет және өте маңызды. Өкінішке қарай, Дубайда болғандықтан, марапатты өзім ала алмадым. Таяу уақытта Аустралиядағы жарыстарға аттанамын. Жыл бойы маған жанкүйер болған қазақстандықтардың бәріне ризашылығымды білдіремін. Жаңа жылда да сіздерді ойыныммен және табыстарыммен қуантамын деп ойлаймын», - деді Е.Рыбакина.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның «Алтын адам» сыйлығының лауреаты атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық Еуропадағы үздік жас теннисші атанды.

Елена Рыбакина Дубайда екінші жеңісіне қол жеткізді.

Балуан қыз Жәмила Бақбергенова «Жылдың үздік спортшысы» атанды.