Матаға жан бітірген қылқалам шебері

Матаға жан бітірген қылқалам шебері
almaty-akshamy.kz

Батик өнері Қазақстанда қанат жайып келеді

Заманауи кеңістікте өндірістік технологияларды пайдалану арқылы ұлттық өнерді жандандыру үшін көптеген жұмыстар жасалуда. Камила Жапалова қазақи өнерді заманауи тұрғыда жаңғыртып жүрген шеберлердің бірі. Оның бейнелеу өнерінде үлкен шығармашылық тәжірибесі бар. Камила Жапалова - 100 жаңа есім жобасының жеңімпазы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. Сондай-ақ, Камила Орал қаласында еліміз бойынша ауқымы кең симпозиуым ұйымдастырмақшы. Шетел және Қазақстанның атақты суретшілерінің біріккен симпозиуымы қазақ жерінің тарихи орындарын, әлеуметтік жетістіктерін таныстырады деп күтілуде.

Суретшінің бұл іспен шұғылданғанына  20 жылға жуықтаған екен. Басында хобби, кейін кәсіп көзіне айналған. Қазір сұраныс бойынша жұмыс жасайды. Яғни шығыс елдерінде кең тараған батик өнерімен айналысады. «Жұмыс барысы күрделі, біршама уақыт кетеді. Төзім мен табандылықты талап етеді», – дейді ол.

– Шыны керек, батикті мектептерге мұғалім болып орналасқанда шәкірттеріме үйретіп жүрдім. Бұл саланы түбегейлі меңгеремін деген ой болған емес. Кейін көпшіліктің өнеріме деген қызығушылығы күшейіп, сұраныс артқаннан кейін, кәсіпке айналдырдым. Ресейдің Санк-Петербург қаласына арнайы барып оқып, батик өнерінің техникасын меңгердім. Қазір қазақы нақыштағы туындылар жасап жүрмін. Батик өнері VII-VIII ғасырларда Индонезия мен Қытай елдерінде пайда болған. Аталған мемлекеттерден Еуропаға, Ресейге тараған. Кейін бізге жеткен. Батик дегеніміз – матаны ерекше әшекейлеу, сурет салу, оны нүктелермен толтыру немесе штрихтеу. Әлем халықтары, әсіресе, үнділер, қытайлар, мысырлықтар бұл өнерді ерте кезден дамытқан. Бүгінде батик өнері Қазақстанда да қанат жайып келеді. Көздің жауын алатын ұлттық нақыштағы туындыларды елімізде ұйымдастырылатын көрмелерден кездестіруге болады, – дейді кейіпкеріміз.

Батик техникасы дегеніміз – суретті матаға түрлі бояулар мен балауыздар арқылы бейнелеу, әшекейлеу. Осы ретте явандықтардың шеберлігі жоғары саналады. Оған қоса, мұның он мыңнан астам түрі бар екен. Ал Камила осы техниканы қолдана отырып, картина бетіне атлас лентамен жан бітіреді.

– Қолөнердің бұл түрін еркін игеріп кеттім деп айта алмаймын. Әуелі жеңіл түрінен бастадым. Қол үйрене бастағанда көлемді дүниелер жасауды жоспарладым. Ол үшін, әрине, осы явандықтардың техникасына сүйендім. Қажетті материалдарды Қытай елінен алдырамын. Көбінесе табиғаттың суреті бейнеленген матаға тапсырыс жасаймын. Бір-екі ай көлемінде қолыма тиеді. Содан соң оны атлас лентамен әрлеймін. Ол таспалаудан өткен соң ерекше түрге енеді. Әрбір туындымнан кейін екінші тынысым ашылғандай күй кешемін. «Өнерді үйрен де, жирен» дейді ғой бабаларымыз. Расымен, қолөнермен айналысу адам болмысын түбегейлі өзгертеді деуге негіз бар, – деді жұмысының қыр-сырымен бөліскен Камила.

Батик өндірісінде бояғыштардан басқа арнайы композициялар да жетерлік. Мәселен, матаны дайындауға ерекше назар аударылады. Біркелкі және қажетті тығыздықты беру үшін оны сіңдіріп, мұқият ағартып, қайнатады. Осыдан кейін бояудың көп күндік процесі басталатын көрінеді.

– Матаны көркемдеп өңдеудің кез келген түрі үшін кергіш керек. Батикке арналған кергіштердің бірнеше түрі бар. Олардың өлшемдері әртүрлі. Сонымен қатар, жылжылмалы кергіштер бар. Мұндай кергіштер кішігірім поннолар жазғанға қолайлы. Резервтік құрлымды жүргізу үшін қатты шитиндік кисты немес арнайы шыны түтікше керек. Ал аниландік бояулар үшін жұмсақ жақұышты қолданған жөн. Олардың өлшемдерінің әртүрлі болуы жұмысты жазғанға қолайлы. Эскиздерді калька немесе жұмсақ қағазда орындаған дұрыс. Бояуларға тоқталар болсақ, суық және еркін  батик  үшін спиртке қосылған сұйық  әрі өте ашық, таза  түстерден  тұратын бояулар керек. Бояулар қою күйге айналып кетпеу керек, – дейді шебер.

Батиктің түрлеріне келетін болсақ, орындалу техникасына және эскиздің күрделілігіне қарай батик үш түрге бөлінеді. Олар: суық батик, ыстық батик және еркін батик деп бөлінеді. Әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар.

– Суық батиктің  ыстық батиктен айырмашылығы - бірінші салынған контур сызықтары нақты болуы керек. Резервтік қосындыны мата бетіне жүргізу үшін арнайы шыны түтікшелер қажет. Жұмысты бастамас бұрын алдын ала матаны дайындап, яғни жуып алған жөн. Себебі, таза мата бояуды жақсы сіңіреді. Оны жақсылап кергішке керіп дайындауымыз керек. Жұмыс жасаған кезде кергіштегі мата стол бетіне тимеуі керек. Суық батикпен геометриялық фигуралардан, ою-өрнектерден тұратын композицияны орандаған жақсы. Суық батитте бояуды кептіріп отырып бірнеше қабат жағуға болады. Тек бояудың таза түсін жоғалтып алмау керек, – дейді Камила.

Сонымен қатар, ыстық батикті орындалу ерекшелігіне қарай үш түрге бөлуге болады: қарапайым батик, күрделі батик және «дақтан» батигі деп атайды.

Батиктің түрлері салынатын  суреттің күрделілігіне байланысты таңдалынады. Мысалы, күрделі емес композицияға қарапайым ыстық батикті қолданады. Резервтік қосынды арқылы контурды жүргізіп алғаннан кейін бояудың  түсін бірден тауып, бір қабат  жағады. Ал күрделі композициялық  суретке бояу бірнеше қабат болып  жағылады. Әр қабатқа әртүрлі шаблон дайындалады.

Ал еркін батиктің ыстық батик пен суық батиктен айырмашылығы – ол акварель техникасына ұқсайды. Ол екі түрлі әдіспен орындалады. Олардың біріншісі - құрғақ батик, екіншісі - дымқыл батик.

– Құрғақ батикте арнайы дайындалған матаны рамкаға керіп, тұзды ерітіндімен жүргізіп шығады. Оны кептіргеннен кейін  бояуды эскиз бойынша бірден матаның бетіне түсіруге болады, сонда мата бояуды жайылып кетпейтіндей сақтайды. Ал дымқыл батикте керсінше бояу жайылып кеткені дұрыс. Картинадағы сурет монотипия техникасында орындалған композицияны еске түсіреді, – дейді қылқалам шебері.

Бүгінде Камила сурет салудан бөлек, осы өнер түрінен күнделікті тұрмыста қолданатын орамал мен киімдердің де түр­-түрін тігіп жүрген жайы бар.

– Көрмеге келген халық менің киімдеріме қызығып, тапсырыс бере бастады. Көйлектерім бір көрген адамды бірден баурап алады. Негізі, батик өнері тек Явада ең жоғары деңгейдегі көркемдікке және техникалық әсемдікке жеткен. Бұл жердегі батикке бүкіл әлем таңдай қағады. Ал индонезиялықтар болса, оны қарапайым зат ретінде қабылдайды. Яғни Индонезия, Бали, Ява аралдарының тұрғындары оны күнделікті дәстүрлі киімінде пайдаланады. Ал мен бұған өзіміздің ұлттық нақышымызды енгіздім. Қазір мұндай көйлектерге сұраныс өте жоғары. Бұл кәсіптің бәрін бірдей алып жүру өте қиын. Өйткені, бір тіккен киім екіншісіне ұқсамайды, – дейді суретші.

...Қызығушылықтан бастау алған талпыныс осылай ажырамас кәсібіне айналған. Өмірін өнермен толықтырған оның туындылары да аса шеберлікпен жасалған. Сонымен қатар, осы өнер түріне баулып жүрген шәкірттері де жетерлік.  

– Батик өнеріне жас та, кәрі де көрген бойда қызғушылық танытады. Алғашында осы өнер түрін баулу мақсатында ауыл-аймақтағы ағайындарға үйреттім. Қазіргі таңда Назарбаев Зияткерлік мектебінде  Батика жайылы жазылған дүниелерім оқытылады. Бұның өзіде бір жетсік деп санаймын. Жастардың ішінде осы өнермен айналысып жүргендері бар, дегенмен оларға әлі де ізденіс керек. Тағы бір айта кетерлігі, батик салатын құралдар қымбат. Жастардың көбі батикка еліктеп, айналысуға тырысады, бірақ олар батик ережелері бұзылмайтынын, оның өзінің бабы, жолы бар екенін ұғынса деймін, – дейді кейіпкеріміз.

Қазіргі таңда қолөнершінің туындыларына сұраныс артқан. Алыс-жақын аймақтан тапсырыс та түсетін көрінеді. Мәселен, оның Нью-Йорк қаласында 2 мәрте жеке көрмесі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, шетелдіктердің көңілінен шыққан. Сондай-ақ марапат ретінде кеудесіне алтын медаль таққан.

– Көрмені әлемнің түкпір-түкпірінен келген өнерсүйер қауым тамашалайды. Өнерді шын бағалайтын хас таланттар байқап, өз бағасын береді. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Көрменің мақсаты – әлемдегі талантты өнерпаздардың басын қосып, олардың шығармашылығын шыңдау. Шараның алғашқы күнінде өнертанушылар, музей, галерея басшылары, коллекционерлер, дилерлер  өздеріне ұнаған жұмыстарды сатып алды. Жалпы, көрме 5 күнге жалғасты. Көрмеге қойылған еңбектерімнің барлығы батикадан жасалған. «Бітпес өмір», «Шаңырақ», «Арман», «Мақсат» сияқты келешекпен байланысты жарқын, позитивті жұмыстарымды көпшілік назарына ұсындым. Атырау қаласының 50 жылдығына орай жеке көрмем ұйымдастырылмақшы, – дейді Камила Жапалова.