Лицензиясыз қызмет пен акцизделетін заңсыз өнімдер анықталды

Лицензиясыз қызмет пен акцизделетін заңсыз өнімдер анықталды
Сурет: ашық дереккөз

Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Алматы облысындағы бес сауда орнында лицензиясыз қызмет пен акцизделетін өнімдерді заңсыз сатуды анықтады.

Барлығы 903 бөтелке әртүрлі атаудағы алкоголь өнімдері тауарларға арналған ілеспе жүк құжатынсыз және 11 620 дана сәйкестендіру құралдарымен таңбаланбаған темекі («Fast», «Zumerret», «Oscar» және т.б.) алынды, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Аталған фактілер бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463, 283 және 283-1-баптары бойынша әкімшілік іс-құжаттар жинақталып, сотқа жолданды. Аталған бұзушылықтар үшін салық төлеушілерге құқық бұзушылықтың тікелей нысанасы болған акцизделетін тауарлар тәркіленіп, 50-ден 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Еске саламыз! «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» және «Темекі өнімдерінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында тиісті лицензиясыз, тауарларға ілеспе жүк құжаттарынсыз және сәйкестендіру құралдарымен таңбаланбаған акцизделетін өнімді өткізуге тыйым салынады.