Алматыда автомобиль жылдамдығына не әсер етеді?

Алматыда автомобиль жылдамдығына не әсер етеді?
Сурет: ашық дереккөз

Sergek сарапшылары көлік қозғалысын талдау, мониторинг және болжау үшін интеллектуалды көлік жүйесін (ITS) пайдалана отырып, Алматыдағы көлік ағынына табиғи оқиғалар мен мектептердегі сабақтардың тоқталуы қалайша әсер ететінін зерттеді.

Есеп негізіне жер сілкінісі болған түн, 23 қаңтарда сабақтың тоқтатылуы, қалың қар жауған және қалыпты ашық күндер алынған, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.

23 қаңтарға қараған түні сағат 00:09-да Алматыда жер асты дүмпуі тіркелген. Осыған орай, Sergek ITS жүйесінің деректері қалада көлік қозғалысының күрт өскенін көрсетті. Қозғалыс белсенділігі орта есеппен 4,5 есеге артып, түнгі сағат 01:00-де шарықтау шегіне жетіп, тек таңғы сағат 5-те ғана қалыпты жағдайға оралған.

Жер сілкінісінен кейінгі алғашқы сағатта қала жолдарындағы бірегей көліктердің саны 40%-ға артып, келесі сағатта максимум 208 мың бірлікке жетті. Бұл өткен аптаның дәл осы уақытымен салыстырғанда 267%-ға артық. Қаладан шыққан көліктер саны да 152%-ға өскен, ең үлкен өсім 01:00 мен 02:00 аралығында 239%-ды құрады. Сонымен қатар, Алматыда 23 қаңтарда бірінші ауысымындағы сынып оқушылары үшін сабақтардың тоқтатылуына байланысты таңертеңгілік көлік қозғалысы төменделгені тіркелген. Алайда, орташа жылдамдық 25 пайызға артқан.

Sergek сарапшылары қарлы күндердің Алматыдағы көлік ағынына әсерін де сараптады. Зерттеу нәтижесінде қар жауған күндері көліктің орташа жылдамдығы сағатына орта есеппен 7 км-ге төмендейтіні анықталды. Ал жылдамдықтың максималды төмендеуі таңғы сағат 8-де тіркелген. Салыстырмалы түрде, егер ашық күндері бұл уақытта жолдардағы орташа жылдамдық сағатына 44 км болса, қар жауған кезде бұл көрсеткіш 20%-ға дейін төмендейді.

Естеріңізге сала кетейік, Sergek ITS – Sergek қауіпсіздік жүйесін жасаушы қазақстандық IT мамандарының негізгі әзірлемелерінің бірі. Жүйе Sergek аппараттық-бағдарламалық жүйелерінен алынатын «үлкен» деректерді (big data) пайдалана отырып, көлік жағдайын талдау мен модельдеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде уәкілетті органдарға көлік ағындарын тиімдірек ұйымдастыруға, сондай-ақ қалалық инфрақұрылымды жоспарлау немесе оған өзгерістер енгізген жағдайда не болатынын есептеуге көмектеседі.