Лицензиялық турнир: 4 боксшымыз келесі кезеңге өтті

Лицензиялық турнир: 4 боксшымыз келесі кезеңге өтті
Сурет: Egemen.kz

Бокстан Бусто-Арсицио (Италия) қаласындағы әлемдік іріктеу турниріндегі 6-шы жарыс күні 4 жерлесімізге де жеңіс оңайға соқпады. 

Алдымен Париж Олимпиадасының жолдамасын алуға екінші мүмкіндік алған 66 келідегі Наталья Богданова алғашқы айқасын Аргентина спортшысы Лорена Соледад Бальбуэнаға қарсы өткізіп, 4:1 есебімен ұтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Сондай-ақ, күндізгі сессияда 80 келідегі әлем чемпионы Нұрбек Оралбай 1/16 финалда қара күштің иесі, Того мемлекетінің спортшысы Прева Падабадиді техникалық шеберлігімен жеңді. 

Енді жерлесімізге 1/8 финалда өте қиын болуы мүмкін. Себебі, оның қарсыласы 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алексей Алфёров (AIN) болады. 

Кешкі сессияда бұған дейін ең жеңіл салмақта әлем чемпионатының 2 мәрте жүлдесін алған Алуа Балқыбекова жаңа 50 келі салмақта өнер көрсетті. 

28 жастағы жерлесіміз Чехияның жас боксшысы Клаудиа Тотовамен кездесіп, 3 раунд бойы жекпе-жекті өз бақылауында ұстады. Есеп: 5:0

Ал әлем чемпионы Махмұд Сабырхан үшін 57 келідегі екінші айқасы өте қиынға соқты. Жерлесіміз 1/16 финалда Саравут Сукзеттен (Таиланд) 3:2 есебімен ғана басым түсті. 

Алғашқы раундта қолының ұзындығын пайдаланған Таиланд спортшысы 3:2 есебімен басым түскенімен, қалған уақытта жерлесіміз қорғанысқа көңіл бөліп, жақын қашықтықта айласын асырып кетті. 

Қос боксшы былтыр 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатының финалында жолығып, Махмұд Сабырхан жеңіске жеткен еді.

Бүгін әйелдер 54, 60, 66, 75 келіде жекпе-жек өткізсе, ерлер 63,5, 92,+92 келіде шаршы алаңға шығады.