Алматыда 169 адамға айыппұл салынды

Алматыда 169 адамға айыппұл салынды
Сурет: Bluescreen.kz

Алматыда үй карантинін бұзған «қызыл» мәртебесі бар 169 адамға айыппұл салынды, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

«Аshyq арқылы 14 күндік үй карантинін бұзған 169 алматылық әкімшілік жауапқа тартылды және 30 АЕК көлемінде айыппұл төледі», - деп хабарлады санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.

СOVID-19 үшін ПТР тесті оң нәтижелі алматылықтар қоғамдық орындарға, Ashyq қосымшасы бойынша жұмыс істейтін нысандарға барған. Атап айтқанда, ХҚКО, мейрамхана, фитнес орталық, әуежай, кинотеатр, компьютер клубы, мектеп, балабақша, мектеп интернат, боулинг, автоорталық, қонақ үйлер, сұлулық салоны және тағы басқа нысандардың қызметін пайдалануға тырысқан.

«Қызыл» мәртебедегі адамдар Ashyq жобасы бойынша жұмыс істейтін нысандарға кіргізілмейді.  Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті амбулаториялық ем алып жатқан азаматтарды өзін-өзі оқшаулау режимін бұзбауға және қоғам алдында азаматтық жауапкершілікті ұмытпауға шақырады.

Жұқтырғандармен байланыста болған адамдар да өзін-өзі оқшаулау режимін сақтауы және басқа адамдарға жұқтырмау үшін адамдар жаппай жиналатын орындарға барудан бас тартуы тиіс.