Күйеуінен таяқ жеп жүрген алматылық әйел әділдік іздейді

Күйеуінен таяқ жеп жүрген алматылық әйел әділдік іздейді
Сурет: Saryarka-samaly.kz

Отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шегіп жүрген алматылық әйел әділдік іздеп жүр.

Алматылық Арайлым Жексембекова күйеуі алғаш рет осы көктемде отбасылық жанжалдан кейін ұрғанын айтады. Айтуынша, содан кейін ұрып-соғу жиілеп кеткен. Күйеуі ​​жүкті әйелді пәтерге жауып, бес күн қатарынан зорлық жасап, ұрып-соғып, ваннадағы суға батырған. Ол өзін соққыға жыққан күйеуі жазадан құтылып кете ме деп қорқады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Ішімнен теуіп, суға батырды, байлап ұстады. Сол күндер есімде, білесіз бе, сол бес күнде тезірек өлтірсе екен деп тіледім. Әкімшілік сот қаулысында ол шынымен де есірткілік зат әсерінде болғаны көрсетілген», - деді зорлық-зомбылық құрбаны.

 Әйел полицияға арыз жазған, алайда, оның айтуынша, бұл ұзақ уақыт бойы қаралмаған. Бірнеше айдан кейін ғана қылмыстық іс қозғалған. Алайда күйеуі бостандықта. Оның айтуынша, күйеуі жиі қорқытады.

Полиция оқиғаның барлық мән-жайы анықталса, ер адам жазаланатынын хабарлады.

«Бостандық ауданының полиция бөлімі ҚР ҚК-нің 110-бабы («Азаптау») бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта істің мән-жайын анықтауға және кінәлі адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуға бағытталған жедел-іздестіру шаралары кешені жүргізіліп жатыр», - деді Полиция департаментінің өкілі Салтанат Әзірбек.

Бұл ретте заңгерлер соңғы кездері тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары жиілеп кеткенін айтады. Олар мұндай заңсыз әрекеттер үшін жазаны қатайтып, тараптардың татуласуына заңмен тыйым салуды ұсынып отыр.

Ал ер адам тек екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тергеу қашан аяқталатыны әзірге белгісіз.