Құсбегілікпен айналысқан адамдардың ғұмыры ұзақ болады

Құсбегілікпен айналысқан адамдардың ғұмыры ұзақ болады
Суреттерді түсірген - Самат

Аяжан ДАНИЯРҚЫЗЫ – студент. 20 жаста. Әдемі. Көркем. Сұңғақ бойлы. Ойлы. Орнықты. Сырт келбеті «Міне, біздің қазақ қызы!» деп мақтануға тұрарлық. Алматының перзенті. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 3-курс студенті. Болашақ IT маманы. Ал Ұлттық спортпен, оның ішінде құсбегілікпен айналысып жүргеніне екі жылдай болып қалды. Арын және Алтын атты екі қыраны бар.

ҚОС ҚАНАТЫ

Жалпы, қала қызы Аяжан құсбегілік өнерге ойламаған жерден келгенін жасыр­майды. Себебі, ең алғаш оның көңілі садақ тартуға ауған-ды. Сөйтіп, «Сұлтансері» этно- өнер орталығының әлеуметтік желілерде жариялаған «садақшы қыздар» кастингіне барды. 450 қыздың арасынан іріктеуден өтіп, алғашқы жарты жыл садақ атумен кәсіби түрде айналысты. Уақыт өте ұстазы Сұлтан­сері Бекетұлының құсбегілікпен айналысып жүрген атакәсібіне қызығушылығы оянып, басында оған қолғабыс ете жүріп, кейін ба­сыбайлы қалай беріліп кеткенін байқамай да қалады.

Ол қазақ қыздарының табиғатынан қай­сар келетінін айтады. Ең алғаш бүркітін қо­лында ұстап тұру қиынға соққаны бар. Үлкен жыртқыш құстың алпамсадай денесінен, ауыр салмағынан нәзік білегі талып қала бе­ретін сәттерін әлі ұмытқан жоқ. Арын мен Алтынның салмағы шамамен 6-7 келі.

Аяжанның қазір қолы һәм білегі әбден шыныққан, бұрынғыдай қиналмайды. Бұл өнерді риясыз жақсы көреді. Қос қыранын күтіп-баптауға барлық жағдай жасалған. Оның көпке көбірек танымал ұябасар (ұрға­шы) Арыны – 6 жасар. Адам жатырқамайды. Ал Алтынға айналасына үйренісу үшін біраз уақыт керек көрінеді.

«ҚЫРАНЫММЕН  СӨЙЛЕСЕМІН...»

Иә, қазақ халқының тектілігін, жү­ректілігін танытатын бұл өнер қырандай қырағылықты талап етеді. Табиғаттың асау да жыртқыш құсымен тіл табысып, оны айт­қанына үйрету үшін де төзімділікпен қатар біліктілік те ауадай қажет.

– Тірі жанмен жұмыс істейтіндіктен, бұл гармония мен бір-бірімізге деген сенімді талап ететін іс. Арынның көңіл күйі әр кезде әртүрлі болады, соған орай оның өз-өзін ұс­тауы да өзгереді. Оларды өз қолымнан та­мақтандырамын, еркелетіп сөйлесемін, арасында ұрысып қоятыным да бар. Бүркіт киелі құс болғандықтан, аса күтімді қажет етеді. Тұздалмаған қызыл ет жейді. Жалпы, қырандар қолға үйренуге бейім келеді. Олар – күн сәулесіне тіке қарай алатын жалғыз құс. Көк байрағымызда да бекер бейнеленбе­се керек. Бүркіт – еркіндік пен бостандық­тың, қайсарлық пен батылдықтың, өрлік пен ерліктің символы. Бұл өнер менің бойыма осындай қасиеттерді сіңіріп жатқандай, – дейді Аяжан аруымыз.

Аяжан кейінгі бір жыл көлемінде, нақты­рақ айтсақ, былтыр құсбегіліктен өткен бар­лық турнир мен жарыстарға қатысты. Бір жыл ішінде бас-аяғы жеті-сегіз жарыста бой көрсетіп үлгерді. Ең алғаш рет Көкшетау қаласында өткен жарыста финалға шықты. Сол кезде бүркітінің ұшқырлығы екі секунд­қа ғана қалып қойды. Дегенмен, осы жарыс­тан соң бағы жанды. Себебі, кейінгі барлық жарыста ақтық мәреге дейін өтіп жүр.

БІЗДІҢ АРУЛАР

Былтыр Шығыс Қазақстан облысында өткен, Қазақстан, Қытай, Моңғолия, Ресей және Қырғызстанның спортшылары қатыс­қан, бүркіт, сұңқар, қаршыға мен ителгіні қолға шақыру және шырғаға салу «Шығыс салбұрыны – 2023» турниріне кілең ерлердің арасында 4-ақ құсбегі қыз қатысқан болса, солардың бірі біздің Аяжан Даниярқызы.

– Түз құсын, яғни бүркітті дұрыс баптау үшін адамға менталды тұрғыда өте мықты болу керек. Бастапқыда адамның у-шуы көп жерге отырғызамыз. Бойы үйренген соң шақырып, ет береміз. Уақыт өте келе жат­тығуларды бастаймыз. Менің ойымша, бүркіттің дұрыс бапталуы ең алдымен ұс­тазға байланысты. Бұл тұрғыда мен лото­рея жеңіп алдым десем болады. Ұстазым Сұлтансері Бекетұлы – әйгілі Бекет Есен­таев атамыздың перзенті, әкесінің серілік өнерін жалғастырушы ретінде осы өнердің дамуына көп күшін салып келе жатқан аза­мат, – дейді өзінің осы жолға түсуіне дәне­кер болған ұстазына деген ілтипатын білді­руді де ұмытпаған Аяжан.

Құсбегілік оны ең алдымен сабырлы, төзімді болуға үйретті. Күнделікті өмірінде спортпен көбірек шұғылдана бастады. Се­бебі, бүркіт дала құсы болғандықтан ашық аспан астында, далада көп жүруге тура ке­леді. Ол мұның да гаджеттерге жіпсіз байлан­ған бүгінгі заманда пайдасы өте көп деп са­найды.

ЖАН ҚАЛАУЫ

Жалпы, құсбегілік өнердің атадан мұра болып келе жатқанын бәріміз білеміз. Көш­пелі өмір салтын ұстанған халқымыз таби­ғатпен егіз ғұмыр кешкен. «Ит жүгіртіп, құс салған, қақпан-тұзақ құрып, тор жайған» қа­зақ үшін құсбегілік бір жағынан күнкөріс қамы болса, екіншіден уақытты көңілді өткі­зудің жолы ретінде де пайдаланылған. Тіпті, аңшылық-саятшылық кәсіп шынығып-шың­далудың, әскери жаттығудың тамаша үлгісі болған көрінеді.

– Білуімше, құсбегілікпен айналысқан адамдардың ғұмыры ұзақ болады деседі. Қырандарымды күтіп-баптауда ұстазым Сұлтансері Бекетұлы көмектеседі. Садақ тарту өнерін де тастағаным жоқ, құс­бегілікпен қоса алып жүрмін. Ал садақ ату­дың моториканы, дәлдікті дамытатыны хақ, – дейді бүркітші қыз.

Бүркіт баптап, жарыстарға қатысу, садақ тарту өнері де оның оқуына еш кедергі келтірген емес. Университеттегі сабақтары көбіне түске дейін болады, ал қырандарымен жаттығуларын соған ыңғайлап түстен кейінгі уақытқа қояды. Сондықтан еш қиындық бол­ған емес. Оқуын да, кәсібін де ақсатқан жері жоқ. Жалпы, кәсібін жан қалауымен, жүрегі­мен атқаратын адамның жұлдызы әрқашан биік болатынын біледі.

БИІККЕ САМҒА,  АЙНАЛАЙЫН!

– Бұрын күнкөрістің, одан сал-серіліктің белгісіне айналған ұлттық өнеріміздің қазіргі күні спорт ретінде дамып жатқаны мені қуантады. Бұл бүгінгі ұрпақтың тек шетелдік спорт түрлеріне ғана емес, өзіміздің де ұлттық спортымызға көңіл ау­даруына септігін тигізеді деп білемін. Қазақ­тың дәстүрін, мәдениетін бүгінгі жаһанда­ну дәуірінде дамытып жатсақ, әлем алдында да бәсіміз биік болары сөзсіз, – дейді қасқыр­ды ұрып алардай білегі болмаса да, қайсар, табанды мінезі, құсбегілік өнерді сүйетін жұдырықтай жүрегі бар Аяжан Даниярқызы.

Келешекте құсбегілікті әлемдік деңгей­дегі спорт ретінде көргісі келетін және бүркітші бұрымдылар көп болса екен деген ақ тілеулі Аяжан биылғы күзде біздің елде, Елорда төрінде өтетін V Дүниежүзілік көш­пенділер ойындарына қатысамын деп белін бекем буып отыр. Дайындықты бастап та кетті. Әзірге қай бағыт бойынша қатысатыны құпия. Түркі әлемі көз тіккен көшпенділер ойындарына 100-ден астам мемлекеттен 4 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілу­де. Ал біз бүркітші бойжеткенімізді сол дүбірлі додада үлкен биіктен көргіміз келеді. Ұлттық өнерімізді әл-қадерінше ұлықтап, насихаттап жүрген аруымызға тек сәттілік серік болғай дейміз.

ТОМАҒАСЫН АЯҚ АСТЫНА ТАСТАМАҒАН

  • Бүркіт қанатын жайғанда 2,5 метрге дейін жетеді екен. Шеңгелімен 5 келі жемтікті көтеруге қауқарлы. Қатты дауыл соққанда да көкте еркін самғай береді. Ұрғашысы еркегінен үлкен болатын көрінеді.
  • Қырағылығы соншалық, 3 шақырым қашықтықтағы кішкентай қоянды да байқап қояды. Бүркіт қаза болғанда денесін ақ шүберекке орап, тау- тастың жақпарына, құс ұясына жақын жерге жерлейтін болған.
  • Тарихи деректерге сүйенсек, Құбылай ханның саятшылық мақсатта қолға үйреткен 500-дей ақ сұңқары және басқа да қыран құстары болған және оларды күтіп, баптауға 10 мың құсбегі ұстаған деседі.
  • Орта ғасырларда Орталық Азия мен Қазақстан, Қырым, Еділ бойын билеген патшалар мен хандар да сарайларында құсбегілер ұстаған. Сарай құсбегілігіне тек ақсүйектер, әмірлер тағайындалған көрінеді.
  • Бүркіттің екі көзін жауып тұратын, дулыға тәрізді басына кигізілетін, теріден жасалған томағасы болады. Ол құстың айналасында болып жатқан кез келген құбылыстарға мазасызданбай, тыныш отыруы үшін керек. Атам қазақ томағаның өзін аяқ астына тастамай, «бас киім» ретінде қарап жоғарыға қоятын болған.