Дәурен Ермеков Eagle FC чемпионы: Ақтаудағы ММА турнирінің қорытындысы

Дәурен Ермеков Eagle FC чемпионы: Ақтаудағы ММА турнирінің қорытындысы
Сурет: Inform.kz

Ақтауда аралас жекпе-жектен ұйымдастырылған Eagle FC 48 & Naiza FC 41 турнирінде кештің басты айқасы өтіп, онда қазақстандық файтер Дәурен Ермеков (16-5) пен ресейлік Гамзат Хирамагомедов (10-1) кездесті. Almaty-akshamy.kz бұл туралы Inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Титулдық жекпе-жек EFC-дің орта салмақтағы «уақытша» чемпионы белдігі үшін өтті. Бес раундқа есептелген кездесу соңына дейін жалғасқан жоқ – екінші раундта Д.Ермеков қарсыласын техникалық нокаутқа жіберді. Осылайша, Қазақстан спортшысы кәсіби мансабында 17-інші жеңісіне қол жеткізіп, Eagle FC-дің «уақытша» чемпионы атағын жеңіп алды. Ал Гамзат Хирамагомедов екінші рет жеңіліп отыр. Жекпе-жек алдында ресейлік шебер қазақстандықты жеңетінін айтқан болатын.

Сондай-ақ кеш барысында рингте қазақстандық Игорь Свирид (20-10) пен ресейлік Артур Гусейнов (27-11-1) өзара мықтыны анықтады. Орта салмақтағы жекпе-жек үш раундқа есептелді. Алайда, бірінші раундта И.Свирид техникалық нокаутқа түсіп қалды.

Осылайша, Артур Гусейнов ММА-да 28-інші рет жеңіске жетті. Ал Игорь Свирид 11-інші рет жығылып отыр. Өнер көрсеткен тағы бір қазақстандық қарсыласын жеңе алмады. Мурад Абдурахманов (8-1) ресейлік Руслан Шамиловпен (10-3) кездесті. Бес раундқа созылуы тиіс болған кездесу бірінші раундта аяқталды. Р.Шамилов оппонентіне буындыру әдісін пайдаланды.

Осылайша, ресейлік жекпе-жек шебері 11-інші жеңісіне жетіп, Naiza FC чемпионы атанды. Ал Мурад Абдурахманов кәсіпқой ММА-да екінші рет жеңілістің ащы дәмін татты. Ол 2017 жылдан бері жеті жекпе-жек өткізіп, барлығын сәтті аяқтап келе жатқан еді.

Сондай-ақ бұған дейін хабарлағанымыздай, қазақстандық Болат Заманбеков (3-1) қырғызстандық Сыймык Эльдияруулыны (1-0) екінші раундта буындыру әдісімен жеңді. Жекпе-жек кешінде алғашқы айқас қазақстандық файтер Мейірбек Төлегенов (3-1) пен әзербайжандық Джейхун Годжали (0-1) арасында өтті.

Жеңіл салмақтағы кездесу үш раундқа есептелді. Төлегенов қарсыласын бірінші раундта ауырту әдісімен жеңді. Ал спортшыбыз Руслан Сәриев (13-1) Бразилия өкілі Кайк Аленкарды (10-3) бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.

Рингте жекпе-жек өткізген өзге қазақстандықтар:

Роман Джомарт (2-1) — Джозеф Хенле (12-4-1, АҚШ) — Хенле екінші раундта буындыру әдісімен жеңіске жетті.

Аслан Өтеғалиев (9-7) — Магомед Аль-Абдулла (9-1-1, Ресей) — жеңіс төрешілердің бірауызды шешімімен Аль-Абдуллаға берілді.

Захар Рябов (2-3) — Константин Андрейцев (17-14, Ресей) —Андрейцев төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.