Бір адал, бір арам...

Бір адал, бір арам...
almaty-akshamy.kz

Жыл ретін  жүйелеген жөн

Өткен жолы ұлу жылының атауы «Ұлу ма, Ұлыма ма?» деп оқырманға сауал тастағанбыз. Енді қазақтың жыл санау ретіне байланысты ойымыз­ды білдірсек дейміз.

VІІ және VІІІ ғасырлардан бері әр жылға телініп қол­данылып келе жатқан хайуанаттар аттары, әрине, бірқатар өзгерістерге түскені шындық. Кейбір жыл атаулары көрші елдерден, туыс ұлттардан ауысып келуі де ғажап емес. Қазіргі қолданыстағы: Тышқан, Сиыр, Барыс, Қоян, Ұлу, Жылан, Жылқы, Қой, Мешін, Тауық, Ит, Доңыз атаулары­ның орналасу реті көңілге кірбің ұялатады.

«Жас кезімде мүшел мен жыл қайыру әңгіме болғанда ауыл қарттары «жыл бір жыл адал, бір жыл арам хайуан­нан кезектесіп келіп отырады» деуші еді. Бірақ олай емес, қолданыста басқаша көрініс табуда. Адал мен адал, арам мен арам қатар келіп жатады. Сен осыны жазшы, біраз жылдан бері қазақы пайым төңірегінде әңгіме қозғап, ұлттық құндылығымыздың қағыс қалмауына үлесіңді қо­сып жүрсің ғой», – деді қазақтың көрнекті ақыны, белгілі сыншы Аян Нысаналин бір жолыққанда арнайы әңгімеге тартып.

Аян ағаның сөзін тірілткім келіп отыр. «Бір адал, бір арам алмасып келіп отырады» деген сөзді марқұм анамнан мен де талай естіген едім. «Қазақ және тағы біраз халық­тар жыл қайыруында жыл аттарының қалай құрылғаны туралы негізгі принципі бұзылып кеткен: екі адал – жылқы мен қой қатар тұрып алған...», – деп жазыпты Ғабит Мүсі­репов. Академик жазушының ашына жазғаны аңғарылып-ақ тұр. Әрине, біреуді кінәлаудан аулақпыз. Кешегі қызыл империяның кезінде жыл реті түгілі сөз ретін, ай атауы былай тұрсын, өз атымызды да ұмытқан кездер болды ғой. Жылқы мен жыланның орнын ауыстырса болды, ары қа­рай бір адал, бір арам болып ретімен кете береді. Сонда жыл реті төмендегідей болып шығады:

  • Тышқан
  • Сиыр
  • Барыс
  • Қоян
  • Ұлу
  • Жылқы
  • Жылан
  • Қой
  • Мешін
  • Тауық
  • Ит
  • Доңыз.

«Ештен кеш жақсы» дегендей, әлі де әрекет жа­сауымыз керек. Табандылық керек!..