Қос ардагерге құрмет көрсетілді

Қос ардагерге құрмет көрсетілді
сурет: Аlmaty-akshamy.kz

Алматыда ұландықтар әйгілі Панфилов дивизиясының соңғы жауынгерлерінің бірі, Ұлы Отан соғысының ардагері Қайырлы Жонқабаев пен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Алматы қаласы бойынша тыл ардагері Ғалымжан Бакишевтің үйінің ауласында салтанатты шара ұйымдастырып, келе жатқан Жеңіс күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

«Бүгінгі ұрпақ қазіргі тәуелсіз Қазақстан елінде, ашық аспан астында алаңсыз, бейбіт өмір кешуде. Осындай еркіндік бақытын біздерге адамзат тарихындағы ең жойқын соғыста бұғанасы бекімей қолына қару алып, қасық қаны қалғанша күрескен аға ұрпақ сыйлады. Сондықтан біздің жарқын келешегіміз үшін от пен оқтың ортасында болған ардагерлерімізді қалай және қаншалықты ардақтасақ та жарасымды! Тыныштық күзетіндегі Ұлттық ұлан жауынгерлері атынан ерліктеріңізге бас иіп, рақмет айтамыз», - деді тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы, подполковник Арман Сеитов.

Майдангерге «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Талапкер Әміреевтің атынан алғыс хат табысталды. Ал өңірлік қолбасшылықтың ардагерлер кеңесінің мүшелері панфиловшы қарт сарбаз бен тыл ардагеріне арнайы дайындап келген сый-сияпаттарын берді.

«Әкеміз биыл 102 жасқа толады. Ұлттық ұланның жыл сайын келіп, атамызға құрмет көрсетіп жүрген «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына алғыс айтамыз. Бүгін де келіп, мерекелік көңіл-күй сыйлап жатырсыздар. Әкеміз Жеңіс әндерін тыңдап, ерекше марқайып қалды», - дейді Қайырлы Жонқабаевтың ұлы Еркін аға. 

Ардагерлердің үйінің ауласында Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің оркестрі соғыс жылдарындағы әскери әндерді орындап, салтанатты маршпен жүріп өтті.

Біз ардагерлеріміз бен тыл еңбеккерлерін әрқашан құрмет тұтамыз. Қазіргі әлемдегі бейбіт өмір – сіздер әкелген Ұлы Жеңістің жемісі. Сондықтан да ол – қасиетті Жеңіс! Ортамызда аңыз-дастан болып, аман-есен жүре беріңіздер, құрметті ардагерлер!