«Бай-қуатты болайық!»

«Бай-қуатты болайық!»
Сурет: Almaty.tv

Алматыда осындай атаумен Нұртілеу Иманғалиұлының 70 жылдығына арналған көрмелер тізбегінің ашылуы өтеді.

Ашылу салтанатына Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, қазақ телевизиясының майталмандары, БАҚ және музей достары қатысады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алғашқы көрме Нұр-Сұлтан қаласында  мамыр айында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің ұйымдастыруымен өткен.

Нұртілеу Иманғалиұлы 1952 жылы 14 мамырда Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қарасу ауылында дүниеге келген. Қазақ университетінің журналистика факультетінің түлегі. 1974 жылдан бастап Қазақ телевизиясының «Жастар» редакциясында тілші, редактор, бас редактор, саяси шолушы, «Хабар» агенттігінде модератор-жүргізуші болып қызмет етті.  2003-2006 жылдары ҚР Үкімет Кеңсесінің Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің сектор меңгерушісі, ҚР Президент Әкімшілігінде бас маман қызметтерін атқарды.

2006-2008 жылдары Республикалық «Қазақстан» телерадио корпорациясында Басқарма төрағасы болып еңбек етті.

Нұртілеу Иманғалиұлы саналы ғұмырының жарты ғасырын телевизияға арнаған. Қазақ телевизиясында  4500-дан астам хабардың авторы. «Құрдастар», «Жастар дауысы»,  «Арай», «Алтыбақан», «Бетпе-бет», «Қолтаңба» т.б. авторлық бағдарламаларын жасады.

Нұртілеу Иманғалиұлы - Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Алматы облысы және Ақсу ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының  Еңбек сіңірген қайраткері. 2018 жылы «Парасат» орденімен марапатталды.

Көрмеде Нұртілеу Иманғалиұлының жеке заттары, құжаттары, кітаптары мен марапаттары қойылған.  

Жыл бойына «Бай-қуатты болайық» атты көрмелер тізбегі Қазақстанның басқа қалаларында да жалғасын таппақ.