Маса маза бермей тұр

Маса маза бермей тұр
Сурет: Ашық дереккөз

Қонаев қаласының тұрғындары масаның көптігінен далаға шығудан қалған

«Жұқпалы ауру тарауы мүмкін». Осылай деген Қонаев қаласының тұрғындары маса шағып, аллергияға шалдығып жатқанын айтады. Олар жағымсыз шіркейлердің түрі жыл санап өсіп, көлемі де ұлғайып барады деп алаңдайды. Оның үстіне шіркейдің шаққан жері оңай жазылмай, тыртық болып қалатын көрінеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Масадан мазам қашты деген Маржан Жақұпова қазір денсаулығының жиі сыр беріп жүргенін айтады. Шырқын алған шіркей шаққан сайын аллергияға айналып, денесі бөртіп кететін көрінеді. Сондай-ақ тұрғындар масадан жұқпалы ауру тарай ма деп қорқады.

– Менің кішкентайымды талап тастаған. Жұғатын сияқты. Олар малдың да қанын сорады ғой, – деді қала тұрғыны Гүлназ Оспанова.

Жылдан-жылға жағдайдың нашарлағанын көрген ел, санитарлық тазалау мамандары бақылауды күшейтуі тиіс деп санайды. Өйткені биылғы дезинфекциялау жұмысы тым баяу жасалыпты.

– Менің ұлымның да аллергиясы бар. Басын қып-қызыл шағып тастаған. Үш жыл болды маса ұлғайып келе жатыр, – деді қала тұрғыны Маржан Атейева.

Аталған қалада алпыс жасанды су қоймасы бар. Санитарлық бақылау мамандары оларды назарда ұстайды.

– Қапшағай су қоймасының жағалауында орналасқандықтан көктем мезгілінен бастап, жаз айында осындай мәселе бар. Қонаев қаласының санитарлық станциясының көмегі арқылы жағажайларды улау жұмысын жүргізді. Қазір олар екінші этапын аяқтаған. Осы қаланың ішін және көшелерін, көпқабатты үйлердің жертөлесін улау жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді ТҮКШ, Жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Асхат Жексенбеков.

Дәрілеу жұмыстарына былтыр 10 миллион бөлінсе, биыл 40 миллионға дейін қаражат жұмсалмақ. Енді қала ғана емес, тұрғын үйлердің жертөлесін дәрілеу ісі де қамтылады. Алайда жергілікті жұрт, жасалып жатқан жұмысты байқамағанын айтады.

– Төрт жыл болды көшіп келгелі, шынымды айтайын, залалсыздандыру жұмысын байқамадым. Үсті-басымыз қышып, жара болады, – деді қала тұрғыны Торғын Аниятова.

– Үш мердігер ұйым жұмыс істеп жатыр. Тоғыз техника оның ішінде трактор және 15-ке жуық түрлі техника бар.  Отызға жуық маман жұмыс істеуде, – деді ТҮКШ, Жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Асхат Жексенбеков.

Жергілікті билік масаның кенет көбеюін табиғи фактор деп баға берді. Өйткені қаланың өзі Қапшағай су қоймасының маңында орналасқан. Алайда қолдан келген қызметті жасап жатқанына сендірді.