Қысқы универсиадада Қазақстан намысын 78 спортшы қорғайды

Қысқы универсиадада Қазақстан намысын 78 спортшы қорғайды
Сурет: Olympic.kz

Әлемдік додаға 50 елден 1 443 атлет қатыспақшы

12-22 қаңтарда Лейк-Плэсид қаласында (АҚШ) өтетін ХХХ Қысқы универсиадада Қазақстан намысын 78 спортшы қорғайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК-ның баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, он күн ішінде 12 спорт түрінен 86 жүлде жиынтығы иесін табады.

Бұған дейін универсиада тарихында мұнша медаль сарапқа салынбаған. Лейк-Плэсид-2023 ұйымдастыру комитеті өз тарапынан жарыстар күнтізбесіне шаңғы қоссайысы мен тұғырдан секіруді қосып отыр.

Әлемдік додаға 50 елден 1 443 атлет (832 ер, 611 әйел) қатыспақшы.

Байрақты бәсекеде Қазақстан атынан 78 спортшы сынға түссе, соның 14-і шаңғымен жарысуға шығады.

Делегация құрамындағы бас бапкер Нұрберген Жұмағазиев бастаған 12 шорт-трекшіден қазақстандықтар үлкен үміт күтеді.

Биатлоннан 9, мəнерлеп сырғанау мен конькимен жүгіруден 6 спортшы бақ сынайды.

Сноуборд, тау шаңғысы спорты, тұғырдан секіру мен қоссайыстан 2 адамнан бар.

Шайбалы хоккейден ұлттық құрама сапында 21 студент бар.

АҚШ-тағы универсиаданы Qazsport арнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Бұған дейін 1972 жылы әлем студенттерінің басын қосқан Лейк-Плэсид қаласы осымен екінші рет Қысқы универсиаданы қабылдамақ.

2019 жылы Красноярск қаласында (Ресей) өткен универсиадада Қазақстан 8 медальмен (4 күміс, 4 қола) жалпы есепте 17-орыннан көрінген болатын.

Қазақстандық студенттердің озық нәтижесі 2017 жылы Алматыдағы бәсекеде тіркелді. Өз еліміздегі додада 11 алтын, 8 күміс пен 17 қола (барлығы 36) медальмен Қазақстан Ресейден кейінгі екінші сатыға көтерілген еді.

Сондай-ақ 2015 жылы Испанияның Гранада және Словакияның Штрбске-Плесо қаласы қабылдаған XXVII қысқы мультиспорт бәсекесі ұлттық құрама үшін жақсы аяқталды. Он күнде 5 алтын мен 6 күмісті еншілеген қазақстандық делегация жалпы есепте 3-орынға ие болды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қысқы универсиадаға қатысатын Қазақстан хоккей құрамасы анықталғанын жазған едік.