Қазақстанда «TourismKaz» мобильді қосымшасы іске қосылады

Қазақстанда «TourismKaz» мобильді қосымшасы іске қосылады
Сурет: Qazaqtv.com

Аталған қосымша жақында қолжетімді болады

Қауіпсіз әуесқой туризм. Қазақстандықтар мен ел қонақтары енді өздерінің тур маршрутын жасап, республиканың кез келген, тіпті ең шалғай нүктесіне де өздігінен бара алады. Олар «TourismKaz» арнайы мобильді қосымшасы арқылы үйлерінен шықпай-ақ, саяхаттауға қажетті туристік қызметтер кешенін таңдай алады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqtv.com сайтына сілтеме жасап. 

Жоба ҚазҰУ рекреациялық география және туризм кафедрасының меңгерушісі Әлия Ақтымбаеваның жетекшілігімен жүзеге асты.

«Біздің негізгі идеямыз – ішкі туризмді дамыту және кеңейту, Қазақстанға шетелдік туристерді көптеп тарту. Сонымен қатар туристерге арналған тұру, тамақтану орындарының, шалғай ауылдық аймақтардағы саяхатшылық бағыттың дамығанын қалаймыз. Қазақстанға келетін шетелдік қонақтар кең байтақ жеріміздің тұмса табиғаты ауылдық жерлерде де бар екенін көрсе дейміз», - деді жоба жетекшісі Әлия Ақтымбаева. 

Жобаны әзірлеушілер Ғылым қорының қолдауымен идеяны жүзеге асырып, оны нақты және сұранысқа ие онлайн сервиске айналдыра алды.

«Ғылым қоры мен ҚР Білім және ғылым министрлігі 245 млн теңге бөлді. Мемлекет бүгінде экономиканың барлық саласын, атап айтқанда осы туризмді белсенді түрде қолдайды, қаржыландырады. Қазіргі таңда жоба аяқталуға жақын. Туристік нарықты ішкі туризмге қайта бағдарлау басталды. Сондықтан бұл жоба ішкі туризмді дамытуға ықпал етеді», - дейді «Ғылым қоры» АҚ жобалау дирекциясының басқарушы директоры Марат Пернеқұлов.

Әзірлеушілердің айтуынша, қосымшаны пайдалану оңай. Қызметтің іздеу жүйесіне деректерді енгізгеннен кейін бірнеше секунд ішінде экранда Қазақстан бойынша жайлы және тиімді саяхат жасау үшін туристік қызметтердің үздік ұсыныстары көрсетіледі. Сонымен қатар бұл жерде пікір жазып, оны оқуға, тіпті таңдаған мекеннің орналасқан жерін де көруге болады. Сондай-ақ бронь жасап, ең тиімді бағада делдалсыз туристік маршрут сатып алуға мүмкіндік бар.