Германияда ер адам АИТВ-дан толық емделіп шықты

Германияда ер адам АИТВ-дан толық емделіп шықты
Сурет: Ашық дереккөз

Бұл АИТВ-дан айыққан үшінші адам

Неміс зерттеушілері 53 жастағы ер адамның дің жасушаларын трансплантациялаудан кейін АИТВ (Адамның иммун тапшылығы вирусы) инфекциясынан толық айыққан үшінші науқас болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Nature журналында жарияланған мақалаға сәйкес, 2008 жылы АИТВ диагнозы қойылып, «Дюссельдорф пациенті» деп аталып кеткен ер адамға 2013 жылы қандағы қатерлі ісік - өткір миелоидты лейкозды емдеу үшін трансплантация жасалды.

«Дюссельдорф университетінің ауруханасы төрт жылдық жүйелі бақылаудан кейін әлемде АИТВ-ны емдеудің алғашқы дәлелін келтіре алады», - делінген зерттеушілердің дүйсенбіде жарияланған мәлімдемесінде.

АИТВ-дан емдеуді бастағаннан кейін алты ай өткен соң «Дюссельдорф пациентіне» жедел миелоидты лейкоз (ЖМЛ) диагнозы қойылды. Бірақ көңіл көншітпейтін болжамға қарамастан, дәрігерлер екі ауруды бір емдеумен жеңіп шығу мүмкіндігін көрді.

Ол үшін дәрігерлер қауіпті ауру түрлерін дің жасушаларын трансплантациялау арқылы емдеуге шешім қабылдаған, делінген мақалада.

2006 жылы «Берлиндік пациент» деген атпен белгілі Тимоти Рэй Браун осы емнен кейін АИТВ-дан айыққан әлемдегі алғашқы адам болды. Браун 2020 жылы 54 жасында лейкоздың қайталануынан кейін қайтыс болды, бірақ АИТВ-дан емдеу оның өмірінің соңына дейін тиімді болды.

Адам Кастильехо есімді «лондондық пациент» 2017 жылы терапияны тоқтатып, АИТВ-дан айыққан екінші адам болды.

Трансплантациядан кейін алты жыл өткен соң «Дюссельдорф пациенті» АИТВ-ға қарсы препараттарды қабылдауды тоқтатты. Содан кейін зерттеушілер пациенттің қанында белсенді вирус белгілері қалмағанына көз жеткізу үшін ауқымды сынақтар жүргізді.

Бұл зерттеулер АИТВ емдеу әдістерін дамытуда жақсы жетістіктерді көрсеткенімен, бұл емдеу стратегиясы халықтың көпшілігі үшін қолайлы емес. Бұл - емделмейтін және өмірге қауіп төндіретін жағдайлар үшін ғана қарастырылатын өте инвазивті, жоғары тәуекелді процедура, деп атап өтілген зерттеуде. Сондай-ақ, көп жағдайда оған донор табу қиын.

- Қазіргі уақытта ғылымның мақсаты - алынған білімге негізделген тәуекелі аз процедураларды әзірлеу, АИТВ-ға қарсы дәріні адамдар үшін қолжетімді ету, - деп қосып өтті мақала авторлары.