Қазақстанда отбасын қолдау орталықтары тұжырымдамасы әзірленуде

Қазақстанда отбасын қолдау орталықтары тұжырымдамасы әзірленуде
Сурет: Kazislam.kz

Отбасын қолдау орталықтары қызметінің тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың жауабында айтылған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

«Үкімет жергілікті атқарушы органдармен өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету, балалы әйелдерді уақытша баспанамен қамтамасыз ету орталықтарын құру жөніндегі қызметті үйлестіру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Бұл ретте, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның тапсырмасы бойынша Отбасын қолдау орталықтары қызметінің тұжырымдамасы әзірленуде. Аталған тұжырымдама отбасын қолдау орталықтарының функцияларын, қызмет көрсету кезінде олардың мемлекеттік органдармен және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимыл алгоритмдерін қамтиды», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Оның атап өтуінше, Парламент Мәжілісінің қарауындағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасы институтын нығайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасында отбасыларды қолдау орталықтарын құру және (немесе) олардың қызметін ұйымдастыруды жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне беру қарастырылған.

«Бұдан бөлек, Президенттің 2022 жылғы 1 сәуірдегі №853 Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес жергілікті бюджет қаражаты есебінен әрбір қалада және ауданда жергілікті атқарушы органдардың отбасын қолдау орталықтарын құруы көзделген. Осылайша, отбасыларды қолдау орталықтарын құру тиісті жергілікті қаражат есебінен бюджеттік заңнамаға сәйкес жүргізілетін болады», - деді ол.