Қазақстанда киіктерді қорғау үшін 200-ден астам мобильді топ құрылды

Қазақстанда киіктерді қорғау үшін 200-ден астам мобильді топ құрылды

 Елімізде «Браконьер» акциясы өтіп жатыр. Мақсат - киіктерді заңсыз аулаудан қорғау. Аталған шараны Экология және ішкі істер министрлігі бірлесіп өткізуде, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Елімізде киіктерді қорғау операциясы басталды. Ол үшін Экология министрлігінің аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері мен полицейлермен бірлескен 203 мобильді топ құрылды. Операция барысында аңшылық шаруашылықтары, ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелердің аумақтары, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тексеріледі», - деді Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, министрлік өкілі киіктерді аулаған жағдайда жауапкершіліктің барын еске салды.

«Киіктерді заңсыз аулау, өндіру, сатып алу, сақтау, өткізу, тасымалдау үшін мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», - дейді ол.