Олимпиада жүлдегері Елдос Сметов Қазақстанға оралды

Олимпиада жүлдегері Елдос  Сметов Қазақстанға оралды
Сурет: 24.kz.

Алматы әуежайында оны жанкүйерлері қарсы алды.

Алматы әуежайынан Токио-2021 Олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметовті туған-туыстары, бапкерлері, достары мен спорттағы әріптестері салтанатпен қарсы алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy Exk.kz cілтеме жасап.

Таңғы рейсті күтіп алуға Елдостың жақындарынан бөлек, өз бетінше құлағдар боп күтіп алуға келген жанкүйерлері де көп жиналды. Спорт мектептерінің жас түлектері «Елдос — чемпион! Алға, Қазақстан!», «Жарайсың, Елдос! Сен чемпионсың!»  деген секілді плакаттар ұстап, гүл шоқтарымен күтіп алды. Ұлттық киім киген қыздар алқалап, жас ақын домбырамен арнауын толғады. Әжелер қазақтың салт-дәстүрімен шашу шашып, достары Елдосты төбесіне көтерді.

«Әуелі еліме, жеріме, отандастарыма, ата-анама алғыс айтқым келеді. Шет елде додада жүріп, сіздердің қолдауларыңызды сезіндім. Бұл біздің 5 жыл күткен дүбірлі додамыз, үлкен бір сынымыз болды. Өздеріңізге белгілі, пандемия бар әлемге қиыншылықтар, ауыртпалықтар алып келді. Оның кері әсері спортқа да тимей қоймады. Бірақ мен өзімді 100 пайыз дайын сезіндім, күш-жігерімді толықтай қолданып, өзімді көрсете білдім деп айта аламын. Амал не, алтын медаль бұйырмады. Бірақ, халқым менің қола жүлдемді алтын медальдай қабылдап жатыр. Маған ең бастысы — елімнің, жерімнің ризашылығы. Халқымның қуанышына өзім де риза болып тұрмын»,  –деді Елдос журналистерге берген шағын сұхбатында.