Қазақстанда балабақшаға кезекке тұрудың бірыңғай базасы құрылады

Қазақстанда балабақшаға кезекке тұрудың бірыңғай базасы құрылады
Сурет: ашық дереккөз

Ата-аналар Egov.kz порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы баланы кезекке қою үшін бірден 4 балабақшаға дейін таңдап, кейін онлайн берілген өтініштің мәртебесін бақылай алады. Балабақшалардың бірінде орын бола қалған жағдайда дереу ата-анаға хабарланады, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz

Жалпы балабақша таңдаудан бастап, келісімшарт жасасуға дейінгі барлық рәсім электронды форматта өтеді.

Бірыңғай деректер базасы мектепке дейінгі ұйымдарда орындарды бөлудің толық ашықтығын қамтамасыз ету үшін жасалмақ. Үкімет бұл жүйе балабақшалардағы қосарланған кезекті және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жояды деп үміттеніп отыр.

Бүлдіршіннің денсаулығы туралы қажетті құжаттар денсаулық сақтау министрлігінің деректер базасынан автоматты түрде алынады. Келісімшарт қол қоюға және баланы балабақшаға тіркеу үшін ата-аналарға онлайн режимде жолданады.
Қазақ тілінен емтихан

2024 жылы 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады. Бұл өзгерістер 2023-2024 оқу жылынан бастап енгізілген, яғни мамыр айында балалардың қазақ тілінен білімі тексеріледі.

Емтихан жазбаша және ауызша өтеді. Тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу сияқты дағдылар бағаланады. Емтихан тапсырмаларын мұғалімдер академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып өздері құрастырады.

Қазақ тілі пәнінен қорытынды баға емтихан және жылдық бағалау нәтижесі бойынша қойылады.
Бұған дейін қазақ тілінен емтиханды 9 және 11-сынып оқушылары ғана тапсыратын.