Қазақстан мен Әзірбайжан қорғаныс ведомстволарының басшылары ынтымақтастықтың басым мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Әзірбайжан қорғаныс ведомстволарының басшылары ынтымақтастықтың басым мәселелерін талқылады
Сурет: Министрлік

Әскери-техникалық ынтымақтастық,

Астанада Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың елімізге ресми сапармен келген Әзірбайжан Қорғаныс министрі, генерал-полковник Закир Гасановпен кездесуі өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Кездесу өзара түсіністік пен сындарлы диалог жағдайында өтті. Тараптар екіжақты қатынастардың кең ауқымы бойынша пікір алмасып, ынтымақтастықты одан әрі жандандыру мәселелерін талқылады.

Атап айтқанда, Қазақстан мен Әзірбайжанның әскери саладағы екіжақты ынтымақтастығының қазіргі жай-күйінің аспектілері талқыланды. Әскери-техникалық ынтымақтастық, жауынгерлік даярлықтың бірлескен іс-шараларын өткізу, кадр даярлау мәселелері жан-жақты сөз болды. Сондай-ақ екі ел қорғаныс ведомстволарының одан әрі өзара іс-қимылының басқа да мәселелері қаралды.

– Өткен аптада Әзірбайжан Президенті Қазақстанға ресми сапармен келіп кетті. Онда екі елдің көшбасшылары саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аудара отырып, қазақ-әзірбайжан стратегиялық әріптестігі мен одақтастығының негізгі мәселелерін жан-жақты талқылады. Әскери салада да түрлі бағыттар бойынша өзара іс-қимылды дамытудың перспективалары бар, – деп атап өтті генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Жұмыс сапары аясында Әзірбайжанның әскери делегациясы Астанадағы әскери кадрларды жоғары оқу орнынан кейінгі даярлауды жүзеге асыратын Ұлттық қорғаныс университетінде болды.

Бағдарламада Әзербайжан делегациясының Алматыдағы Құрлық әскерлері Әскери институтына сапары көзделген. Онда қонақтар қазақстандық курсанттардың оқу үдерісімен танысады. Атап айтқанда, оларға болашақ офицерлерді атыс дайындығына, жауынгерлік машиналарды жүргізуге сапалы оқытуға арналған арнайы тренажер кешендерінің мүмкіндіктері көрсетіледі.