Қапшағай су қоймасында әлемдік жарыс өтеді

Қапшағай су қоймасында әлемдік жарыс өтеді
Сурет: Diapazon.kz

Ашық суда ұзақ қашықтықта жүзу бойынша өтетін ең бұқаралық бәсеке болады.

Шілденің 2-3 күндері аралығында Капшағай су қоймасында халықаралық деңгейдегі жүзу жарыстары сериясының Oceanman Kazakhstan спорттық шарасы өтеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина, Италия, Швейцария және Түркия елдерінен 1200 адам қатысады. Бұл әуесқой және кәсіби спортшылардың басын қосатын Қазақстан тарихында ашық суда ұзақ қашықтықта жүзу бойынша өтетін ең бұқаралық бәсеке болмақ.

Oceanman – чемпионатқа біріктірілген әлемнің бірнеше жерінде өтетін жарыстар тобы. Бұл шара 2015 жылы Испаниядан бастау алған, Сол сәттен бері жаһанның ең әдемі жерлерінде – Италия, Малайзия, Мексика, Түркия, Ресей, Греция, Франция, Украина, Швейцария, Таиланд, Кипр және Колумбияда өтіп келеді. Осылайша,  Oceanman жер шарын айналған саяхатқа айналды. Енді Қазақстанға да жол түсті.

«Oceanman – Ironman қозғалысының бір түрі іспеттес. Бұл жарыста қатысушылар өз мүмкіндіктерін су стихиясында, ашық су қоймаларында сынайды. Бұл чемпионаттың басты ерекшелігі – оның ашықтығы. Жарыс түрлі елдер, түрлі жастағы, түрлі мамандықтағы, физикалық дайындығы әртүрлі, түрлі мақсаттары мен мотивициялары бар мыңдаған адамды бір арнаға тоғыстырады», - дейді шараны ұйымдастырушылар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақстандықтар жүзу жарысына қатысуға қуана-қуана ниет білдірді және Oceanman Kazakhstan соңғы үш жылдағы ең бұқаралық шараға айналды. Бұл – салауатты өмір салты мен бұқаралық спорттың отандастарымыз үшін бос сөз емес екенін растайды.