Инфляция 5%-ға дейін төмендейді

Инфляция 5%-ға дейін төмендейді
Сурет: интернеттен

Қазақстанның даму болжамы жарияланды.

Болжам бойынша 5 жыл ішінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсуі 5,8%-ті құрайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров елдің 2024–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын ұсынды.

Оның айтуынша, сыртқы параметрлердің өзгеруіне байланысты дамудың үш сценарийі қаралды.

"Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне 80 доллар деңгейінде алу ұсынылады. Болжам бойынша 5 жыл ішінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсуі 5,8%-ті құрайды. Инфляция 2024 жылы 6-8%, 2025 жылы 5,5-7,5% деңгейінде айқындалды, кейіннен 2026–2028 жылдары 5%-ке дейін төмендейді", - дейді Қуантыров үкімет отырысында.

2024 жылы ЖІӨ-нің нақты өсімі 5,3%-ті құрайды, кейін 2028 жылы 6%-ке дейін өседі. Номиналды ЖІӨ 2024 жылғы 135 трлн теңгеден 2028 жылы 218,5 трлн теңгеге дейін ұлғаяды.

Экономиканың барлық базалық саласында өсім болжанып отыр. Мәселен, өнеркәсіпте орташа жылдық өсу қарқыны 4%-ті, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 4,9%-ті, тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 3,1%-ті құрайды.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің орташа жылдық өсімі 4,5%-ті құрайды. Құрылыс саласындағы болжамды өсім орта есеппен 8,8%, саудада – 7,4%.

Экспорт көлемі 2024 жылы 83,1 млрд доллардан 2028 жылы 94,8 млрд долларға дейін ұлғаяды, импорт 60,7-ден 65,6 млрд долларға дейін өседі.