Газды үнемді тұтыну жөнінде тетік енгізу қажет - министр

Газды үнемді тұтыну жөнінде тетік енгізу қажет - министр
Сурет: Aikyn.kz

Энергетика министрі Болат Ақшолақов ел тұрғындарының газды үнемді пайдаланбайтынын тілге тиек етті.

Бұл туралы ол бүгін Үкімет отырысында сөз қозғады, деп хаюарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Халықты газдандыру бойынша белсенді жұмыспен қатар энергия ресурсы ретінде газды ұтымды, үнемдеп тұтыну мәдениетін енгізу қажет екенін де атап өткім келеді. Талдау көрсеткендей, елдің жылы аймақтары орташа температурасы әлдеқайда төмен аймақтармен бірдей деңгейде газ тұтынады», - деді Болат Ақшолақов.

Оның атап өтуінше, 2022 жылы заңнамалық түрде тұтынушылардың 2 жаңа санаты – ірі коммерциялық тұтынушылар және цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғалар енгізілді.

Бұл іс-шаралар өнеркәсіптік кәсіпорындардың энергия тиімділігін арттыруға әкеледі.

«Осы жылы атаулы әлеуметтік көмек алатын тұтынушыларды қоспағанда, тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар үшін газды үнемді тұтыну жөніндегі тетікті енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады», - деді министр.