Франциядағы наразылық: Әлеуметтік желі отқа май құйды

Франциядағы наразылық: Әлеуметтік желі отқа май құйды
na-zapade.ru

27 маусымда Францияның Нантер қаласында наразылық оты тұтанды. Оған 17 жасар Наэль есімді жасөспірімнің өлімі себеп болды. Оның көлігін полиция қызметкерлері заңды бұзғаны үшін тоқтатады. Сол жерде жасөспірім мен полиция арасында дау болып, жас жігіт оққа ұшқан. Осы оқиғадан кейін Францияның көп қаласында жастар наразылыққа шықты.

Бұл оқиғаларды елдегі «сары жилеттілер» қозғалысынан кейінгі көлемді наразылық деуге болады. Ресми мәліметке сәйкес 5 күн ішінде елде 700 ден астам наразылар ұсталған.

Наразылық акциялары стихиялы түрде Париждің айналасындағы қалаларда басталды. Себебі, оқиға Париждің төңірегіндегі Нантерде орын алған. Наразылар құқық қорғау органдары қызметкерлеріне отшашу құралдарын, тас пен бөтелкелерді лақтырған. Осы әрекеттерден қоқыс жәшіктері мен автомобильдер өртке оранған. Бұдан кейін жағдай ушықты. Францияның өзге де қалаларында наразылық өрті тұтанды. Полицияның қолынан қаза тапқан жасөспірімді қолдап Лион, Марсель, Гренобль қалаларында жастар наразылыққа шықты. Көшеге шыққан жастар полицияның автомобильдерін жаға бастады. Соның нәтижесінде офистер мен дүкендер қиратылды.

Ал 29 маусымда Парижде наразыларды қолдап «Ақ марш» өтті. Олар ақ футболка кигендіктен Ақ марш деп аталды. Азаматтық акцияға шыққандар соттан әділдікті талап етті. Акция басында бейбіт басталғанымен, аяғы тәртіпсіздікке ұласты. Сондықтан полиция қарсы әрекет етуіне тура келді. Акцияға 6000-нан астам адам қатысып, басым бөлігін жастар құрады. ТАСС агенттігінің оқиға орнындағы тілшісі олардың футболкаларында араб ұлттық киімінің элементтері болғанын айтады.

Билік кімді кінәлап отыр?

Билік 2018 жылы «сары жилеттілер» қозғалысында Facebook-ті айыптаған. Биыл да Э.Макрон жастардың акциясына әлеуметтік желі кінәлі деп отыр. Бірақ бұл жолғы айыпталушылар TikTok пен Snapchat. «Сары жилеттілер» қозғалысы мен жастардың наразылығы арасында ұқсас тұстары бар. Екеуінде де наразылар әлеуметтік желі арқылы байланыс орнатты. Осылайша бір жұдырық болып, өздерінің іс-әрекеттерін үйлестірді.

Facebook арқылы «Сары жилеттілер» қозғалысы бірікті. Жастардың наразылығынан айырмашылығы мұнда қозғалыс мүшелері бір идея төңірегінде топтасты. Жастардың наразылығының өршуіне видео контент әсер етті. TikTok пен Snapchat желілерінде полицияның жасөспірімге оқ атқан видеосы тараған.

Ал полиция болса ресми мәлімдемесінде жасөспірім талапқа бағынбағандықтан оқ атылды деген. TikTok пен Snapchat-та тараған видео полицияның жағымсыз образын қалыптастырды. Алайда, наразылыққа шығуға үндеулер өзге әлеуметтік желілерде тараған. Биліктің сөзінше WhatsApp пен Telegram арқылы үндеулер тарап, жастар бір-бірімен байланыс орнатқан. Полиция да ақпараттық тұрғыдан өзін қорғап бағуда. Еуропа 1 франциялық басылым жасөспірімге қатысты полициядан инсайд ақпарат таратты. Ол ақпаратқа сәйкес, Наэль осыған дейін де полицияға мойынсұнбаған. 2021 жылдан бері 15 рет құқық бұзған.

Әлеужеліде шекара жоқ

Францияда болған толқулар көрші елдерге де ұласты. Бельгия мен Швейцарияда жастар француздарды қолдап наразылыққа шықты. Оған ортақ ақпараттық кеңістік әсер етті. Соған қарағанда, видеоны тек Франция жастары емес, көрші елдердің азаматтары да көрген болу керек. 30 маусымға қараған түні Брюссельде наразылық акциялары өтті. Мұнда да жастар қоғамдық тәртіпті бұзуға әрекет жасаған. Бірақ Франциядағы секілді жаппай наразылық болмады. Ал 1 шілдеде Швейцарияның Лозанна қаласында толқу өтті. Онда 100-ден аса демостранттар қатысты. Олар Франциядағы наразыларды қолдаған. Қоғамдық тәртіп бұзылып жеке бизнеске кері әсер еткен. Полицияның сөзінше бірнеше дүкеннің есіктері сынған.

Иммигранттар Францияның бас ауруына айналды

Кез келген дау елдегі жасырын мәселелерді жарыққа шығарады. Жастардың толқуы Франция қоғамындағы жылдар бойы жиналған әлеуметтік дағдарыстың бетін ашты. Ондағы дағдарысты Самуэль Хантингтон болжағандай өркениеттер қақтығысы десек, артық етпес. Жастардың араб ұлттық нақышындағы киімдерді киюі мен олардың полицияны расизммен айыптауы ойымызға дәлел.

Францияға Африка құрлығынан мигранттар өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап көптеп келе бастаған. Олардың басым көпшілігі солтүстік африка елдерінен. 2021 жылғы Ұлттық статистикалық институттың мәліметінше, елдегі иммигранттардың 50%-ға жуығы Африка құрлығынан. Олардың 13%-ы алжирліктер.

Жастардың толқуына тек әлеуметтік желілер әсер етті дей алмаймыз. Олардың отқа май құйғаны рас. Алайда, ішкі наразылық бүгін пайда болған жоқ. Жалпақ тілмен айтқанда, иммигранттар барған жеріне тастай батып, судай сіңе алмай отыр. Себебі, Францияның өзіне тән саяси-құқықтық мәдениеті қалыптасқан. Елге мигранттардың келу процесі бүгін әлде ертең тоқтамайды.

Францияның Ішкі істер министрлігінің мәліметінше 2022 жылы өткен жылмен салыстырғанда азаматтық алуға өтініштер саны күрт өскен. Биылғы жастардың толқуы басқа да әлеуметтік дағдарысқа ұласуы мүмкін.