Францияда Абай шығармасының анимациялық фильмі көрсетілді

Францияда Абай шығармасының анимациялық фильмі көрсетілді
Сурет: Ашық дереккөз

Алдағы күндері Ренн мен Парижде ұлы ақынның шығармашылығына арналған іс-шаралар өтеді

Қазақстанның Париждегі Елшілігінде Абай Құнанбайұлының «Желсіз түнде жарық ай» шығармасына арналған қысқа метражды анимациялық фильмнің премьерасы өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz El.kz-ке сілтеме жасап.

«MPL Culture» компаниясының қолдауымен «Қазақстанның Франциядағы әйелдері» қоғамдастығы ұйымдастырған іс-шараға шет мемлекеттердің елшілері, саяси, академиялық, мәдени және іскер топтардың өкілдері қатысты.

Анимациялық фильмді Ангулем қаласында оқитын Доминика Қыдырбаеваның жетекшілігімен француз-қазақстандық студенттердің креативті тобы жасады. Мәдени іс-шараның аясында Ғазиза Ғабдрахимова қазақ композиторларының шығармаларын ежелгі қобыз аспабында орындады.

Сонымен қатар, алдағы күндері Ренн мен Парижде ұлы ақынның шығармашылығына арналған іс-шаралар өтеді. Осы қалаларда орнатылған Абай ескерткіштерінің жанында жиналып, қазақстандықтар мен оның шығармашылығын сүйетін француз азаматтары ұлы бабамызды еске алып, өлеңдерін оқиды.