Еңбекшіқазақ ауданынан Маңғыстауға 22 вагон шөп жөнелтілді

Еңбекшіқазақ ауданынан Маңғыстауға 22 вагон шөп жөнелтілді
сурет: Zakon.kz

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданынан Маңғыстауға 22 вагон шөп бір күнде жеткізілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Mangystautv.kz-ке сілтеме жасап.

«Шопан ата» қауымдастығының өкілдері арнайы келіп, мал азығын тарату жұмыстарына қатысты. Облыстағы мал басы ең көп аудан Маңғыстау ауданына 10 вагон, Жаңаөзен қаласына 5 вагон, Түпқараған ауданына 3 вагон, ал Мұнайлы және Қарақия аудандарына 2 вагоннан шөп үлестірілген. Белсенділердің айтуынша, келген мал азығын ауданға қарасты ауылдар бір-бір вагоннан бөліспек.


Қойшыбек Медиманов, Шетпе ауылының тұрғыны:

- Маңғыстаудағы қуаңшылыққа байланысты жан-жақтан көмек келіп жатыр. Жамбыл, Ақтөбе облыстарынан 400 мың шақырым жердегі Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы жігіттері елінің басына түскен қиыншылықта өздерінің үйінен де 2-3 орамнан шөп, 4-5 қаптан жем салып, Маңғыстау жеріне жіберіп жатыр. Бұл қазақтың бірілігінің, ынтымағының символы сияқты.

Дидар Қанжазов, Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны:

- Еңбекшіқазақ ауданының Шелек өңірінің түкпір-түкпіріндегі ағайын, аманаттарыңды жеткіздік. Міне, ел-жұрт әділ түрде бөліп алып жатыр. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, барлықтарыңызға мың да бір рахмет. Маңғыстау облысының халқы алғысын айтып жатыр.