«Ешбір сайлаудан қалып көрген емеспін»

«Ешбір сайлаудан қалып көрген емеспін»
almaty-akshamy.kz

Құлпыбай ҮМБЕТОВ, зейнеткер:

 Жетісу ауданындағы №340 сайлау учаскесі де бүгінгі саяси салмағы бар елдік деңгейдегі науқанға ала таңнан сақадай сай тұрды. №103 мектеп-гимназиясында тұрғындардың дауыс беруіне барлық жағдай жасалғаны, сондай-ақ мұнда ерекше тәртіптің, тыныштықтың үстемдік етіп тұрғаны көзге ерекше байқалып тұрды.

Ортада мөлдір жәшік. Кабиналардан дауыс беріп шығып жатқан тұрғындар сол жәшікке өзіне бағдарламасы ұнаған кандидатына дауысын беріп, белгісін соққан қағазын салып жатты.

Осы сәтте біз таңдауын жасап болып, бойын тіп-тік ұстаған қалпы сыртқа беттеп бара жатқан ақсақалды сөзге тарттық. Аты-жөнін Құлпыбай Үмбетов деп таныстырған қария 82 жаста екен.

– Осы жасыма дейін ешбір сайлаудан қалып көрген емеспін. Себебі, әр дауыстың маңызды екенін бір кісідей білемін. Мына біз, үлкендер, «Мен барғанда не өзгерер дейсің?» дейтін болсақ, жастардан не талап ете аламыз? Жасымыз да біразға келді. Бірақ бүгінгідей ел тағдыры сынға түсіп жатқан шақта «ауырыңқырап тұр едім, аяғым бастырмай тұрғаны» деген сылтауды айта алмаймын. Кезінде лауазымды қызметтер атқардық. Ел үшін, халықтың жайлы өмірі үшін тер төктік. Ендігі үмітті жастарға артамыз. Мен немере, шөберелеріміздің жарқын өмірі үшін және Жаңа да Әділетті Қазақстанның берік орнап, тұғырлы болуына дауыс бердім, – дейді Құлпыбай Ерлерұлы.