«Ерекше» балалар ерекше фильмге түсті

«Ерекше» балалар ерекше фильмге түсті
Сурет: интернеттен

Алматыда "Особенный доктор" инклюзивті сериалының екінші сериясының тұсаукесері өтті.

Даун синдромы бар балалар Қазақстан фильмінде басты рөлді сомдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ерекше детективті мини-сериалда басты рөлдерді қазақстандық кино жұлдыздарымен қатар, Даун синдромы бар балалар сомдайды.

"Особенный доктор" қысқаметражды фильмінің түсірілімі Алматы мен Астана қалаларында өтті. Оған танымал отандық әртістер Азиз Бейшеналиев пен Галина Табала қатысқан. Сондай-ақ картинадағы басты рөлдердің бірін Даун синдромы бар Марта Перминова сомдады. Фильмді оның ата-анасы – режиссер, сценарист және продюсер София Витвер және композитор Сергей Перминов түсірді.

Қазақстандық көрермендер қысқаметражды фильмді зор ықыласпен қабылдады. Түсірілім тобы өз туындыларынан шабыт алып, жұмыстарын жалғастыру туралы шешім қабылдады. Осылайша, кәсіби актерлар мен Даун синдромы бар балалардың қатысуымен мини-сериал түсіру идеясы пайда болды.

Екінші серия Алматы мен оның маңында түсірілді. Бірінші серияның басты жұлдызы Марта Перминова бұл жолы түсірілімге қатыспады, бірақ алаңда жүріп, барлық оқиғалардың куәсі болды. Жаңа лентада оның достары – Даун синдромы бар Дамир мен Арлан бой көрсетті.

Сонымен қатар бұл жолы командаға Қазақстанның Халық әртісі Татьяна Тарская, белгілі қазақстандық әртістер – Алексей Шемес, Шыңғыс Қапин, Карина Волкова, Орынбасар Тазабеков, Артем Ганцев қосылды.

Режиссер София Витвер екінші серияның тұсаукесері алдында Даун синдромы бар балалардың басқа актерлар секілді сценарий бойынша ойнамайтынын ескертті. Айтуынша, олардың экрандағы сөздерін сценаристер жазбаған. Балалар картинада әртістермен өз бетінше қарым-қатынас жасап, өз қалаулары бойынша әрекет етеді.

Халық әртісі Татьяна Тарская кейіпкердің анасын, деменциямен ауыратын адамды сомдайды. Режиссер әртүрлі жастағы ерекше адамдарды көрсеткісі келген.

Сондай-ақ София Витвер түсірілімнің қаржылық мәселесін де айтып өтті.

"Мәдениет министрлігі көмектесті – ақшамен емес, аппаратурамен. Мен өзімнің барлық ресурстарымды пайдаландым. Мүдделі адамдар көмектеседі. Біз бәрін дерлік түсіріп болдық, тағы екі түсірілім күнін ұйымдастыру қалды. Сонымен қатар, 3-4 серияның монтажын жасаймыз", – деп бөлісті режиссер.

Оның айтуынша, 3 және 4 серияның түсірілімдері мен монтажы аяқталғаннан кейін туынды теледидар мен платформаларға ұсынылады.

"Егер сериал Қазақстанда осындай форматта қабылданса, жазда шығуы мүмкін. Сондай-ақ күзге қарай мен оны толық метрге қайта монтаждауды жоспарлап отырмын. Бұл ой іске асса, фильм күзде толық метр ретінде шығуы мүмкін", – дейді режиссер.

Психолог және когнитивті психотерапевт Виктория Левинаның айтуынша, аталған фильмнің арқасында жас әртістер де, олардың ата-аналары да маңызды тәжірибеге ие болды.

"Даун синдромы бар балалар ата-аналарын айналадағы адамдардың пікіріне төзімді әрі ол пікірлерден тәуелсіз болуға үйретеді. Көпшіліктің көңіл-күйіне және жалпы қабылданған нормаға бейім болғанды білдіретін "конформизм" деген ұғым бар. Адамдардың біртүрлі немесе таңғалыспен қарауларына төтеп беру – өте қиын міндет. Мұндай жағдайда бастысы – агрессияға берілмеу. Біз баламызды сол күйі – физиологиялық дамудың, ойлаудың кідіруімен қабылдай отырып, оның өзгешелігін де қабылдаймыз. Бұл арқылы ата-аналар төзімдірек бола түседі. Даун синдромы бар балалар ата-аналарын осы әлемнің барлық алуан түрлілігін қабылдауға үйретеді. Мұндай баланың дамуы оның қоршаған ортасына байланысты. Олар тәуелсіз бола алады. Ата-аналар 6-7 жасынан бастап баланы еңбекқор, бастамашыл етіп тәрбиелеуі керек. Ол өзін толыққанды сезінуі қажет. Шамадан тыс аяушылық танытуға болмайды", – деп атап өтті Виктория Левина.