Энергетика министрлігі Қазақстан неліктен Ресейден жанармай алып жатқанын түсіндірді

Энергетика министрлігі Қазақстан неліктен Ресейден жанармай алып жатқанын түсіндірді
Сурет: ашық дереккөз

 Қазақстанның Энергетика министрлігі кейбір отын түрлері Ресейден сатып алынып жатқанын растады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Ішкі нарықта жанар-жағармай материалдарының қажет көлемін есептей келе, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлері Ресейден импортталады. Битумға қатысты тоқталсақ, 2023 жылғы 19 шілдеде ҚР мен Ресей Федерациясы арасындағы Келісім аясында РФ-тен жылына 300 мың тоннаға дейін битум жеткізуді қарастыратын Хаттамаға қол қойылды», - делінген министрліктің хабарламасында.

Жауапта айтылғандай, АИ-95 бензиніне баға сұраныс пен ұсыныс негізінде реттеледі.

«Жазғы демалыс кезеңінің ерекшелігін және осы кездегі АИ-95 бензиніне сұраныстың артуын ескере отырып, ірі жанармай құю станциялары желілері импорт жасауы мүмкін екенін министрлік түсіндірген еді. Бұл тұрғыда Ресей Федерациясының Энергетика министрлігімен Индикативтік теңгерім ескерілген. Сонымен қатар, АИ-95 бағасын мемлекет реттемейді. Сондықтан жанармай құю бекеттеріндегі бағалар мен сатып алу көлемі нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты өзгеруі мүмкін», - деп аталып өткен министрлік ақпаратында.

Бұдан бөлек, Энергетика министрлігі бұған дейін өрт қаупі мен импорттың көп болуына байланысты биылдың 14 маусымы мен 14 шілдесі аралығында (нарықтағы жағдай тұрақтанғанға дейін) ресейлік авиакеросинді теміржол көлігімен әкелуге тиісті шектеу енгізілгенін еске салды.

«Қазіргі кезде авиаотын нарығындағы жағдай тұрақтанды. Жоғарыда айтылғандарға байланысты, сондай-ақ әуежайлардан түскен өтініштерді ескере отырып, министрлік ресейлік авиакеросиннің импортына конвенциялық тыйым салу мерзімін ұзарту туралы бастама көтермеді», - делінген ведомство жауабында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Энергетика министрлігі Ресей Федерациясынан авиакеросин импортына неліктен тыйым салынғанын түсіндірді.