Еңбек пен ерлікті тең ұстаған

Еңбек пен ерлікті тең ұстаған

         Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен шақта Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, одан аман-есен елге оралған Әбсемет Сатыбалдыұлы туған жерді түлетуге ұзақ жылдар еселі еңбегімен үлес қосқан нағыз еңбек майталманы болатын. Өмірі өнегеге толы, кейінгі ұрпаққа тағылымын молынан қалдырған осындай адамдарды жалпақ жұртқа дәріптеудің маңызы зор. Өйткені мәңгілік ел болуды көздеген қазақ халқының келешегі оның өткеніне қарап айқындалатыны анық. Ел мен жер тарихында есімі құрметпен аталып, кейінгіге үлгі болар асылдары неғұрлым көп болса, ел болашағы соғұрлым баянды болары сөзсіз.

         Әбсемет Сатыбалдыұлы көпті көрген көнекөздігіне қоса, одан тағылымды ой түйген көкірек-көзі ашық, ел мен жердің өткеніне жетік шежіреші болатын. Әңгімені әріден қозғап, жүйе-жүйесімен дәйекті айтатыны Шиен ауылы тұрғындарының есінде. Тарихи деректерге келгенде «бұл туралы мынадай кітапта былай деп жазылған» деген сияқты дереккөзге сілтеме жасай отырып тыңдаушысын ұйытып әкететін сұңғылалығын кезінде оның әңгімесіне талай құлақ түргендер жақсы біледі. Жоғары білім алмағанымен, тарихқа терең бойлайтыны әркез тәнті ететін. Кез-келген тақырыптан жан-жақты хабардар атамыз кітапты көп оқып, радиоқабылдағыштан күнделікті жаңалықтарды жібермейтін. Жасына байланысты зейнеткерлікке шыққаннан кейін туған жер, еліне қорған болған тұлғалар туралы деректер жинастырып, зерттеп-білгендерін аудандық, облыстық газеттерде жариялап тұрды. Оны ауылдастары дария кеуде, тау мүсін қария ретінде құрмет тұтты. Өмірінің соңына таман Алматыда тұрып, соғыс ардагері есебінде қалалықтардың да құрметіне бөленді.

         Шиен ауылында 1918 жылы дүниеге келген Әбсемет ата бала кезінен зерек те алғыр болып өсіпті. Әкесі Сатыбалды Мейірманұлы ешкімнің ала жібін аттамаған адал, өмірінде өтірік сөз айтпайтын, мінезі жайдары адам болғандықтан айналасына сыйлы екен. «Тектіден текті туады, ата жолын қуады» демекші, баласы Әбсемет те ғұмырында өзінің адал еңбегіне ғана арқа сүйеген арда азамат болып қалыптасады. Анасы Науат әжеміз он құрсақ көтергенімен, балаларының көбі жастай және өсе келе шетінеп, екі ұлы мен екі қызы ғана тұрақтайды. Олар Әдишә, Рақила, Әбсемет, Әшімбек.

         Ол кезде заман қиын, жетіжылдық мектептің бес сыныбын бітірген бала Әбсемет одан ары оқуға отбасылық жағдайы келмей, еңбекке ерте араласып, он бес жасынан ауылдағы «Кеңес» ұжымшарының қара жұмысына жегіледі. Шаруашылықта ол уақыттары арпа-бидай, темекі, картоп, бақ өсіретін төрт бригада бар екен. Еңбегімен көзге түскен оны шаруашылық басшылары сол төрт бригаданың біріне жетекші етіп бекітеді. Осылайша жиырма жасқа толмай жатып бригадир ретінде ауылдастарын ортақ мақсатқа жұмылдырады. Айналасындағыларға қабілет-қарымымен танылған жігерлі жігіттің аз уақытта сатылап өсе бастағаны болар, 1938-39 жылдары «Кеңес» пен «Шиен» колхоздары бірігіп, 18-ші партсъезд атындағы шаруашылық болып құрылғанда, оның есепшісі болып еңбек етеді.

         Ұлы Отан соғысы басталғанда Әбсемет Сатыбалдыұлы алғашқы лекпен әскерге аттанады. Оның «Менің жауынгерлік жолым» атты күнделік-жазбасында соғыс жылдары туралы қысқаша былай деп жазылған:

         «1941 жылы 29 маусым күні 405-атқыштар батальонының құрамында әскери дайындыққа кірістік. 1942 жылы мамыр айының басында 5-Армияның 136-атқыштар полкіне келіп қосылдық. Тоқтаған жеріміз Ржев бағыты деп аталады. Бұл Волокалам тас жолына жақын. Сол жерден маусымның бас кезінде шабуылға шығып, батысқа қарай 50 шақырымдай жерге жеткенде, Питахов деревнясы маңында бірінші рет жараландым. Бұл 1942 жылдың 14-тамызы еді. Мәскеу қаласынан 40 шақырым қашықтықтағы Пушкин қаласындағы 502-госпитальда жатып емделдім. Жазылғаннан кейін 1942 жылы 16 қарашада 1092-атқыштар полкіне келдім. Бұл полк Мосальск қаласына жақын орналасқан екен. 1943 жылдың ақпанында бүкіл бөлімшені вагонға тиеп, оңтүстікке қарай аттандырды. Калуга қаласын басып өтіп, Тула қаласына 7 шақырым қалған жерде пойыздан түсірді. Жаяу жүріп, Орлов қаласын жанап өтіп, соғысқа араластық. Содан сәл кідіріп, оңтүстікке бұрылып, Белгород қаласына жақын жерге бардық. Овоян қаласына таяу тоқтап (Тамаров ауданы, Курск облысы), қорғаныс шебін құрдық. Бұл өзі кейін Курск иіні (доғасы) деген атпен әйгілі болған жер екен.

         Сол жерден мамыр айында танкішілер мектебіне оқуға алындым. 1943 жылдың желтоқсанында Владимир қаласында оқуды тәмамдап, Горький қаласының Сурмовск зауытынан Т-34 танкіне отырып, соғысқа бет алдым. Келіп тоқтаған жерім – Киев қаласына жақын, бөлімшем – 1-Украин майданының 4-Танк армиясы, 6-Мехкорпус, 16-Мехбригада, 28-Танк полкі аталатын еді. Осы әскери бөлім құрамында Эрнен деревнясын, Славута, Волачинск стансасы, Романовка селосы, Старая скала, Станислав деген жерлерді жүріп өттім. Конытин деген қалашық түбінде біздің бөлімшені күш жинап толықтырды. 1944 жылы 15 маусымда шабуылға шықтық. Торнополь қаласын жанай өтіп, Перемышльді (Польша жері) жаудан босаттық (20.07.1944). Висла өзенінің арғы жағына өткен соң тағы да толықтыру болды. Климентов қаласының жаны еді (1944 жыл 10-20 тамыз аралығы). Қиян-кескі ұрыста жау беті тойтарылды. 1945 жылы Берлинді алуға қатысып, жеңіске жеттік.

         Берлин түбінде тұрғанда кешке жақын «Прагаға барасыңдар. Таңғы сағат 6-ға дейін жетулерің керек» деген бұйрық алдық. Прага жау қолында болатын. Онда басқыншыларға қарсы көтеріліс болып жатыр екен. «Егер жетпесеңдер, немістер Праганың тас-талқанын шығарады» деді. Көтерілісшілерге көмектесу мақсатында шұғыл жиналып, жол тарттық. Таңғы сағат 6-да Праганың шетіне жеттік. Немістер қару-жарақтарын жолдың екі шетіне айқастырып-айқастырып жинап қойыпты, ешқандай қарсылық көрсетпестен берілді. Чехословакияның астанасы Прагаға кірдік. Сөйтіп қаланы жаудан тазарттық. Жеңісті осы жерде тойладық. Одан кейін Венаға келдік. Біздің жүріп өткен жеріміздегі қаланың ең көркемі һәм сымбаттысы Дунай өзенінің жағасындағы Вена екен. Ендігі кезек соғыстың шығыстағы ошағы Жапон империализмін құрту еді. Жапондармен соғысуға әскердегі жастарды іріктеп алды. Екі-үш жарақаты бар жауынгерлерді босатты. Солармен бірге мен де 1945 жылы 15 қарашада ауылға қайттым. Ол кезде мен аға сержант едім», - деп жазылған.

         Кескілескен қанқасап майданда көрсеткен қазақ танкисі Әбсемет Сатыбалдыұлының ерен ерліктері ескерусіз қалмай, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» және басқа да бірнеше медалмен марапатталған. Кезінде атаның әңгімелерін көп тыңдағандардың бірі мен едім. Журналист мамандығын таңдағанымнан болар, кейде ол жазған-сызғандарын маған қарататын. Бірде оның «Қызыләскер кітапшасын» қолыма алып, ондағы Жоғарғы бас қолбасшылықтың алғыстары тізімделген жазбаны қағазға көшіріп алдым. Онда неміс-фашист басқыншыларын талқандау жөніндегі Командованиенің әскери тапсырмаларын сәтті орындап, жау қолындағы қалаларды алғаны, азат еткені үшін 11 алғыс көрсетілген екен. Оның алғашқысы 1944 жылдың 5 наурызында, соңғысы Прага қаласын азат еткені үшін 1945 жылғы 10 мамырда беріліпті. Проскуров-Тирнополь, Каменск-Подольск, Львов, Кельвус, Лодзе, Замероральд, Берлин, Бранденбург қалаларын алу, Одер өзенінен өту, жау қорғанысын бұзу кезіндегі темір сауытты танк экипажының көздеп-атқышы Әбсемет Сатыбалдыұлының ерліктері осылайша құжатталған.

         Отан алдындағы борышқа адалдық пен батыр бабалардың ерлік дәстүрін жалғаудың жарқын бір көрінісі осындай-ақ болар, сірә. Жеңімпаз жауынгер соғыстан кейінгі бейбіт еңбекте де үнемі алдыңғы қатардан көрінді. Ауылда егіс бригадирі бола жүріп, Семейдегі сауда техникумының үш айлық курсын бітіріп, 2-3 жыл сауда қызметкері болып жұмыс істеді. Ауыл ақсақалдарының шешімімен колхоздың тексеру комиссиясының төрағасы болып сайланды да. 1956 жылдан бастап мал шаруашылығымен айналысуды қолға алып, екінші тыңды игеруге шығады. Бастапқыда тоқты, одан кейін бойдақ қой бақты. Ол кезде еркек қойды етке өткізетін. Жасынан еңбекқор жан жоғары өнімділікке қол жеткізді. Отардағы әрбір қойдың тірідей салмағын 60-70 келіден айналдырып, кей жылдары жүз пайыз қоңдылықпен өткізіп жүрді. Әр қойдан 5 келіден жүн берді.

         Одан кейін баққаны саулық қой болды. Алғашқы жылдары әр жүз саулықтан 120-125-тен қозы алса, кейінгі жылдарда бұл көрсеткіш 155-ке жетіп, ауылдың маңдайалды шопанына айналды. Ұжымшарда атқарған адал еңбегі үшін талай рет мақтау қағазын алып, есімі құрмет тақтасынан түскен жоқ. Мемлекет тарапынан еңбегі лайықты бағаланып, 1968 жылы «Мал шаруашылығының бірінші класты шебері» белгісі берілсе, 1975 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Одан кейін де ондаған мерекелік медалдар алды.

         Әбсемет Сатыбалдыұлы  бұдан он бес жыл бұрын 85 жасында дүниеден өтті. Атамыздың абыройының асқақтауына құда-құдандалы болып жастайынан қосылған өмірлік жары Күләйхан апаның қосқан үлесі зор болды. Ол кісінің де өмірден өткеніне отыз жылдан асты. Биыл Күләйхан Бектембайқызының да туғанына 100 жыл толды. Шешеміз еңбекқорлығының, белсенділігінің арқасында ауылда бірінші сайланған ауылдық кеңестің тұңғыш депутаты болған адам екенін атап айтқан жөн. Колхозда ол кездері трактор-техника деген атымен жоқ, жер жыртудан бастап, дайын астықты қоймаға, стансаға тасымалдауға дейінгі жұмыстар өгіздің күшімен атқарылады, жұмыстың барлығы қолмен істеледі. Еңбекшілердің таңғы алакеуімнен бастап қас қарайғанға дейінгі уақыты егістік басында өтеді. Жас келіншектер тіпті жұмыс арасында емшектегі баласын емізіп кетуге де мұршасы келмегенін, қазір айтса адам нанғысыз көрінеді. Бірақ бұл сол заманның шындығы болды. Сондай күндері Күләйхан шешеміздің үйде қалған бесіктегі шырқыраған тұңғышын жұбату үшін көрші Әбез атаның кемпірі Әшипан апа сәбидің аузына омырауын тосып емшек береді екен. Ал Әбсемет ата соғыста от пен оқ кешкен жылдары Күләйхан ана қартайған ата-енесімен бірге шопан таяғын қолға алып, қоғам малының соңында жүрді.

         Әбсемет ата мен Күләйхан апаның еңбекқорлығы көпшілікті таң қалдыратын. Саналы ғұмырларында аянбай еткен еңбектерінің жемісін көрді де. Еңбекпен есейіп, еңбекпен өсіп-өнген жандар бала-шағасына, бүкіл ауылға ғибратты істерімен өнеге көрсетті. Олар алты бала тәрбиелеп өсіріп, бәріне де жоғары білім алғызды. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, балалары жан-жақта әр салада жемісті еңбек етіп, өсіп-өніп отыр. Әбсемет әкеміз бен Күләйхан шешемізден тараған ұрпақтар бүгінде Шиен ауылы мен Алматыда тұрады. Бәрі де абыройлы, ақжүзді. Араларында сан-салада жемісті еңбегімен елге танылған азаматтар бар. Ата ұрпағы жапырақ жайған мәуелі бәйтерекке айналған үлгілі үлкен әулеттің бір-бір бұтағы іспетті.

Суретте: Әбсемет ата, Күләйхан апа, балалары.