Елімізде үш шұғыл қызмет нөмірі бір нөмірге біріктіріледі

Елімізде үш шұғыл қызмет нөмірі бір нөмірге біріктіріледі
creativecallproject.ru

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Сәлімжан Нақпаев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында «112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметіне қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023 жылдың бірінші қаңтарынан бастап бұл қызметтерді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары құруы тиіс. Осылайша, Төтенше жағдайлар министрлігі жанындағы «112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі өз қызметін тоқтатады.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жедел қызметтерді шақырудың бірыңғай нөмірін құру үлкен тиімділікке ие. «112» нөмірі жеке шұғыл қызмет емес, қиын жағдайға тап болған еліміздің азаматтарының алғашқы өтініші бойынша кез келген әрекетке дайын барлық мемлекеттік органдар екенін түсіну қажет. Бүгінде ел аумағында «101», «102» және «103» шұғыл қызметтердің нөмірлері, Төтенше жағдайлар министрлігі жанындағы «112» қызметі жұмыс істейді, сондай-ақ Атырау, Көкшетау, Қызылорда, Өскемен және Орал қалаларында «112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметтің жұмыс істеуі бойынша ілкі жобалар іске асырылып жатыр. Соған қарамастан, осы өңірлерде әлі күнге дейін «101», «102» және «103» шұғыл қызметтерінің нөмірлері қатарласа жұмыс істейді.

Пилоттық жобалар іске асырылатын облыстардың жергілікті атқарушы органдарынан алынған ақпаратқа сәйкес, әрбір өңір осы жобаны өңірдің бюджетіне және жобаны іске асыру тетігін өзінің түсінуіне қарай атқарып отыр», - деді С. Нақпаев.

Оның айтуынша, «112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметінің жұмыс істеуі бойынша бірыңғай нормативтік құқықтық база жоқ. Сонымен қатар диспетчерлік құрамды дайындау бойынша стандарттар ескерілмеген және шұғыл қызметтердің ақпарат жүйелері интеграцияланбаған.

«Ең бастысы, қазірге дейін пилоттық жобалар іске асырылып жатқан өңірлерде «112» қызметін құруға, оның жұмыс істеуін үйлестіруге, дамытуға және әдіснамалық қамтамасыз етуге жауапты орталық мемлекеттік орган айқындалмаған. Бір сөзбен айтқанда, жедел қызметтің барлық функциясын орталықтандырылған түрде атқаруға тиіс «112» қызметінің толыққанды жұмыс істеп кетуіне керекті жағдай жасалмаған. Әлі күнге дейін «101», «102», «103» жедел қызметтері қатар жұмыс атқаруда және оларға бюджет қаражаты жұмсалып келеді», - деді депутат.

Осы орайда ол жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, келесі сұрақтарға жауап беруді сұрады.

«Жергілікті атқарушы органдарда «112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметтің жұмыс істеуіне қандай орталық атқарушы орган жауапты болады? «112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметінің операторлары үшін стандарттар қашан қабылданады? Операторлардың жалақысы бойынша мәселе қашан шешіледі? Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап «112» қызметінің үздіксіз жұмыс істеуін енгізуге дайын ба?» - деп сұрады Сәлімжан Нақпаев.