Ел бойынша кеңседе ең көп уақыт өткізетіндер - алматылықтар

Ел бойынша кеңседе ең көп уақыт өткізетіндер - алматылықтар
Сурет: Deita.ru

Бұл туралы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің (ҚазҰМУ) ғалымдары жүргізген зерттеу барысында анықталды.

ҚазҰМУ-дың мәліметінше, зерттеудің мақсаты халықтың физикалық белсенділігінің түрлі аспектілері мен аз қозғалысты өмір салтының таралуын зерттеуге арналды. Деректер әртүрлі жас топтары мен ел аймақтарын қамтитын сауалнама арқылы жиналды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

«Қазақстан бойынша алматылықтар кеңседе ең ұзақ уақыт отырып жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш әйелдер арасында күніне орта есеппен 370 минут, ерлер арасында 360 минут болған. Одан бөлек, алматылықтар уақытының едәуір бөлігін белсенді физикалық жүктемелерсіз өткізеді. Бұл жұмыс түріне, өмір салтына, сондай-ақ урбанизация мен көлік құралдарының қолжетімділігіне байланысты болуы мүмкін», - деп хабарлады ҚазҰМУ-дың баспасөз қызметі.

Бұл ретте астаналықтардың кеңседе отырып жұмыс істеудің орташа уақыты 352 минутты болса, Қызылорда облысында тәулігіне 205 минут, Түркістан облысында 228 минут болды.

«Ең төменгі уақыт көрсеткіші Атырау облысында. Мұндағы көрсеткішке келсек, әйелдерде 215 минут, ерлерде 207 минут. Бұл аймақтың тұрғындары белсенді өмір салтымен немесе физикалық белсенділікті қажет ететін жұмыс сипатымен ерекшеленеді», - деп хабарлады ҚазҰМУ.

Сондай-ақ ғалымдар жұмыстан тыс уақыттағы физикалық белсендіклікті зерттеді. Зерттеу барысында алматылықтар бос уақытта жаяу жүру және велосипед тебумен белсенді айналысатыны анықталды.

«Қала халқының 72%-ы жаяу жүрумен немесе велосипед тебуді қалайды. Бұл халықтың белсенді өмір салтын қалыптастыруда қала инфрақұрылымының рөлі жоғары екенін көрсетеді. Астанада бұл көрсеткіш төмен (61,1%). Алайда ол да қала тұрғындарының өмірінде жаяу және велосипедпен жүрудің маңызды екенін көрсетеді. Ақтөбе облысында ең төменгі көрсеткіші байқалады – 49,3%. Бұл жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған инфрақұрылымның жетіспеушілігі мен аймақтағы көлікке бағытталған қозғалыс үлгісін көрсетуі мүмкін», - деп хабарлады ҚазҰМУ-дан.

Сондай-ақ бос уақыттағы белсенділіктің ең төмен деңгейі егде жастағы адамдардың арасында анықталды. Мұнда да Ақтөбе облысы көш бастап тұр.

«Жасы мен тұрғылықты жеріне қарамастан, әр адам өзінің күнделікті режиміне физикалық белсенділікті қосуы маңызды. Бұл таза ауада серуендеу, жаттығу залына бару, жүзу, велосипед тебу немесе тіпті үйде қарапайым жаттығулар болуы мүмкін. Жаяу жүру немесе велосипедпен жүруге басымдық беру керек. Бұл физикалық жағдайыңызды жақсартып қана қоймай, қоршаған ортаның ластану деңгейін төмендетуге көмектеседі. Әсіресе, егде жастағы адамдардың белсенді өмір салтын ұстануы өте маңызды. Себебі ол көптеген аурудың қаупін азайтуға және жалпы өмір сапасын жақсартуға көмектеседі» - деді Б.Атшабаров атындағы іргелі және қолданбалы медицина ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Тимур Салиев.