«BURKIT – арнайы жасақ» фильмінің тұсауы кесіледі

«BURKIT – арнайы жасақ» фильмінің тұсауы кесіледі
Сурет: интернеттен

Фильмнің басты кейіпкерлері – арнайы жасақтың үш жауынгері.

1 қарашада Алматы қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен өзара ықпалдастық органдары өкілдерінің, фильмнің шығармашылық тобы мен актерлерінің қатысуымен «BURKIT – арнайы жасақ» атты көркемсуретті фильмінің тұсаукесері өтеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Көркем туынды былтыр Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысы бойынша еліміздің ең танымал актерлерінің қатысуымен түсірілді және өңдеу жұмыстарын Голливудтың өңдеуші  режиссері  атқарған.

Туынды авторларының басты мақсаты – кинокартинаның кейіпкерлері арқылы Отанға деген сүйіспеншілікті, достық пен патриотизмді, намыс пен абыройды, Әскери антқа және қызметтік міндетке деген адалдықты,  сонымен қатар, Қазақстанның арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің негізгі міндеттерін көрерменге жеткізу.

Кинотуындыда қорғаушы миссиясын орындауда, достықты сақтауға және өзінің арманына – арнайы күштердің символына айналған «Күрең беретке» жету жолында адамның қаншалықты өзгеруі мүмкін екендігі туралы баяндалады. Оның басты кейіпкерлері – арнайы жасақтың үш жауынгері әрі ең жақын үш дос «Күрең берет» иеленуді армандайды. Жауынгерлердің күнделікті міндеттері қауіпті қылмыстық топтарға қарсы тұру. Сондай тапсырмалардың бірінде олардың достығы сыналады.

«Фильмнің премьерасы алдағы күндері, 2 қарашада басталады. Ал кинокартинаның алғашқы таныстырылымы әл-Фараби даңғылы, 77/8 үй, «ESENTAI Mall» СОО-да орналасқан Kinopark залында сағат 19.00-де өтеді», деп хабарлады ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.