Биыл МӘМС үшін кім қанша төлеуі керек?

Биыл МӘМС үшін кім қанша төлеуі керек?
almaty-akshamy.kz

Биылғы 1 қаңтардан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарналар мен аударымдар мөлшері өзгерді. Биыл кім қанша жарна төлейді? Жарна көлемінің өзгеруіне не түрткі болды? Осы мәселеге қатысты сұрақтарға Медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев жауап берді.

Естеріңізге сала кетсек, 2024 жылы    ең төменгі жалақы көлемі 85 000 теңгені құрайды. 

Филиал басшысы жарна төлеушілердің бірнеше санатын атап өтті. Біріншісі – мемлекет тарапынан сақтандырылатын 15 жеңілдік санаты. Оған балалар, зейнеткерлер, ҰОС ардагерлері, барлық топтағы мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, декретте отырған аналар, мүгедек бала күтіміне байланысты жұмыс істемейтін азаматтар, студенттер т.б. кіреді. Жеңілдік берілген халықтың жалпы саны 11 миллионға жетіп жығылады. 2024 жылы мемлекеттің бір азаматқа төленетін жарнасы айына 5852,63 теңгені құрайды

Атап айтқанда, биыл жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлер үшін бұрынғыша, жалақының 3% мөлшерінде аударым жасайды. Төлемнің шекті мөлшері 10 ЕТЖ немесе 25 500 теңгеден аспайды. Жұмыс беруші аударымды өз қалтасынан төлейді. Ал жұмыскерлер жалақысынан 2% ұстап, қорға аударады. Жарнаның шекті мөлшері 10 ЕТЖ немесе 17 000 теңгеден аспауы тиіс.

Одан кейінгі санат – жеке кәсіпкерлер. Нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар да осы санатқа кіреді. Олар бұрынғыша 1,4 ЕТЖ-ның 5%-ын төлейді. Биыл ең төменгі жалақының өсуіне байланысты бұл сома 5950 теңгеге жетті.
Азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндер сақтандыруға бұрынғыша табысының 2%-ын аударады.

«Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бар. Бұл азаматтар сақтандыру жүйесіне қосылу үшін екі түрлі әдісті пайдаланса болады. Біріншісі – дербес төлеуші ретінде бір ЕТЖ-ның 5%-ын немесе 4250 теңге төлеу. Екіншісі – жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және жарналарды ЖК ретінде төлеу», – деді Тілеухан Әбілдаев.

Сақтандыру мәртебесін келесі жолдармен тексеруге болады:
• Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы;
• fms.kz ресми сайты;
• Telegram-дағы @SaqtandyrýBot;
• 1414 байланыс орталығы;
• Damumed мобильді қосымшасы;
• Halyk мобильді қосымшасы;
• BCC.KZ мобильді қосымшасы; 
• Kaspi.kz мобильді қосымшасы;
• egov.kz электрондық үкімет сайты – «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру» мемлекеттік   қызметі арқылы.