Берлинде қонақүйдегі 16 метрлік аквариум жарылып кетті

Берлинде қонақүйдегі 16 метрлік аквариум жарылып кетті
Сурет: inform.kz

Берлиннің ортасында орналасқан Dom Aquaree қонақ үйінде 16 метрлік аквариум сынып кетті. Аквариумда 1,5 мың теңіз жануары болған. Екі адам зардап шекті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Dom Aquaree қонақүйі Берлиннің орталығындағы Карл-Либкнехт-Штрассе көшесінде, Берлин Александерплац алаңы мен әйгілі телемұнараның жанында орналасқан.

Ол әлемдегі ең үлкен аквариумдардың бірі саналатын. Онда 1,5 мың теңіз жануары мен 1 миллион литр су болған.

Балықтар сумен бірге көшеге ағып кетті.


Reuters агенттігінің хабарлауынша, оқиғаның себебі әлі анықталмаған. Алайда, алдын ала болжам бойынша, оған материалдардың тозуы себеп болған.

Қазір аквариумы бар қонақүй тұрған көше жабық.

Жолға көп су төгілген. Оқиға орнында апаттық-құтқару қызметінің 100 маманы жұмыс істеп жатыр.

Қонақүй қонақтарын эвакуациялау үшін арнайы маршруттық автобустар ұйымдастырылған. Қазіргі уақытта Берлиндегі ауа температурасы -7°.