Алматыда робототехника және инновациялық технологиялар бойынша ашық чемпионат өтеді

Алматыда робототехника және инновациялық технологиялар бойынша ашық чемпионат өтеді
asiaone.com

Алматы қаласында 21-22 желтоқсанда «Techcup-2022» Алматы қаласы әкімінің кубогына робототехника және инновациялық технологиялар бойынша VII ашық чемпионат өтеді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Чемпионаттың мақсаты – балалар мен жастардың инновациялар мен инженерлік әзірлемелер саласына қызығушылығын ынталандыру, ІТ-құзыреттіліктерін дамыту және танымал ету, балалар мен жастар арасында таланттарды анықтау және қолдау.

Чемпионатқа Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінен 7 жастан 22 жасқа дейінгі әртүрлі жас топтарында 700-ден астам команда қатысады.

Чемпионат келесі бағыттар бойынша өтеді: инженерлік жобалар; бағдарламалау; ІТ-дегі бизнес; 3D-модельдеу; роботтар жарысы (VEX, сумо, желі, кегельринг). TechCup мектеп оқушыларын, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін, кәсіпкерлерді, ата-аналарды, сондай-ақ білім беру идеялары мен жобаларының авторларын біріктіреді.

Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 4 млн теңгеден асады. Сонымен қатар республиканың бірқатар жетекші жоғары оқу орындары чемпионат жеңімпаздары (мектеп түлектері) үшін 2023 жылға арналған 15 білім грантын бөледі.

Чемпионат Алматы қаласы, "Нұркент" шағынауданы, 7 мекенжайы бойынша «Almaty Arena»  МС базасында өтеді.