Балаңыз сыйлық сұраса...

Балаңыз сыйлық сұраса...
Сурет: Lisa.ru

Балалар сыйлық алғанды жақсы көреді. Мереке күні, туған күні немесе себепсіз-ақ қалаған нәрсесін алдыртқысы келіп тұрады. Кейде олардың сұраған затын алып беруге ата-ананың қалтасы көтермейтін жағдай болады. Ондайда не істеу керек?

"Баланың көп сыйлық талап етуінің сыры неде? Бұл мәселені екі жаққа тиімді етіп қалай шешуге болады?" деген сұрақтар төңірегінде Lisa.ru сайтының психологы Карина Рихтеренің кеңесіне құлақ түрелік.

Бәріміз баламыздың бақытты болғанын қалаймыз, қолымыздан келгенше сұрағанын алып беруге тырысамыз. Баланың сыйлық сұрай беруінің себебі неде? Психолог маман мұның 6 себебін атап көрсетті.

 

  1. Сыртқы бейнеге қатты мән беру

 

Балаға басқалар сияқты ойыншықтары немесе соңғы үлгідегі телефоны болмаса, онымен ешкім дос болмайтын сияқты көрінеді. Оған өз мәртебесін көтеру үшін сыйлықтар қажет болады.

 

  1. Өзіндік бағалаудың төмендігі

 

Егер отбасында балаға жылулық жетіспесе, ата-анасы жұмыспен немесе басқа балалармен айналысып кеткен болса, сыйлыққа деген сұраныс (тиісінше, осы өтініштерінің орындалуы) балаға өзін жақсы көру мен бағалаудың дәлелі ретінде қызмет етеді.

 

  1. Орынсыз көтермелеу

 

Көбінесе сыйлықтар ата-ана үшін баласының мінез-құлқын түзету тәсіліне айналып кетеді - егер ол келісімдерді орындаса немесе жақсы оқитын болса, онда бір айдың немесе тоқсанның соңында ол қалаған гаджетін немесе басқа сыйлығын алады. Осының нәтижесінде, бала өзінің кез келген әрекеті үшін сыйақы алғысы келеді, үнемі жаңа марапатты талап ететін болады.

 

  1. Бар нәрсені пайдалана алмау

Жаңа ойыншық жаңа тәжірибелер мен жаңа мүмкіндіктер беретіндігімен құнды. Бірақ бұл әсер тез жоғалады. Қолында бар нәрселерден ләззат алуға үйренбеген  бала анасынан немесе әкесінен үнемі жаңалықтың әсерін сақтап отыруды, яғни ылғи жаңа ойыншық әперуді талап етеді.

 

  1. Өтемақы

 

Кейде ата-ананың өзі байқамай ұлының немесе қызының жаңа нәрсеге деген құштарлығын оятады. Кезінде өзінің Жаңа жылда алғысы келген қуыршақ немесе машинаның орнына етік, басқа киім алған кездегі қиындықтар мен көңілсіздіктерге толы балалық шақтарын есіне алады.

Тағы бір ата-ана баласына жеткілікті уақыт бөле алмағандығына өзін кінәлі сезінеді, сондықтан оның орнын ұл-қызына сыйлық беру арқылы «өтейді».

Ал енді бір ата-ана баласына деген махаббатын басқа жолмен қалай көрсету керектігін білмейді, сондықтан тек зат сатып алып бере береді.

 

  1. Басқа туыстарының ықпалы

 

Кейде атасы мен әжесі сүйікті немересін біз болмасақ кім еркелетеді деген оймен сыйлықты үйіп-төгіп жатады. Бірақ балаға оны кімнің еркелеткенінің айырмашылығы жоқ, осыған үйреніп алған соң, уақыт өте келе, ол барлық отбасы мүшелерінен сыйлық талап ете бастайды.

Сыйлықтарға қатысты қандай да бір талап мен мінез көрсету әрқашан ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынаста бірдеңенің дұрыс емес екендігін көрсетеді. Мұның салдарымен күреспей, осы нақты мәселені табу және шешу керек.

Дұрыс әрекет ете біліңіз!  Сарапшыдан 8 кеңес

Таусылмайтын арман, көзіне  түскеннің барлық иемденгісі келетін ұмтылыс - баланың қалыпты даму кезеңдерінің бірі. Ол трактор көрсе, соны алғысы келеді, досының конструкторы бар екен, енді оған да дәл сондай керек, бұл баршамызға таныс хикая.

Бірақ егер сіз алып беруден бас тартқаныңызда ол ашуланса, айла-шарғы жасай бастаса немесе аяушылық күтсе, бұл проблемаға айналады. Біздің міндетіміз - баланы өзінің қалауын басқара білуге ​​үйрету. Енді не істеуіміз керек?

 

  1. Әрекеттеріңізді саралаңыз

Сіздің әрекеттеріңізде тойымсыз тәбетке, сондай-ақ үнемі өсіп отыратын сұраныстарға әкелетін бірдеңе бар-жоғын талдаңыз. Баланың мінез-құлқының негізі өз мінез-құлқыңыз болуы мүмкін - сіз оның көңілін көтеру үшін бірдеңе бересіз, қолыңыз бос емес кезде оған «өтемақы» төлейсіз немесе осылайша балалық кезіңізден қалған «жарақаттарыңыздың» орнын толтырасыз.

 

  1. Ереже орнатыңыз

Ол барлық отбасы мүшелеріне, соның ішінде ата-әжеге де қатысты болуы керек. Егер басқа туыстар қонаққа құрқол келуге ұялатын болса, олар - шығармашылыққа арналған жиынтық, қарындаштар, түрлі-түсті қағаз сияқты пайдалы нәрсе әкелсін.

Қалған сыйлықтардың барлығы, соның ішінде мереке кезінде де алдын ала талқыланып, белгіленген кесте бойынша берілетін болсын. Әжесі жаңа ойыншық алып беремін десе, айына бір реттен жиі емес деген сияқты келісіп алыңыздар.

 

  1. Марапаттаудың басқа жолдарын табыңыз

Ұл-қызыңызды сыйлық арқылы ынталандырмауға тырысыңыз, егер ол өзін жақсы ұстаса, оған бірдеңе сатып әперуге уәде бермеңіз. Мотивацияны материалдық саладан көрсетпеңіз - сіз оны мақтан тұтыңыз, оның жетістіктерін мадақтаңыз және т.б.

 

  1. Балаңызды өзін бағалауға үйретіңіз

Балаңызды өзін-өзі сыртқы жылтырағымен емес, ішкі құндылығымен бағалай білуге үйретіңіз. Бұл сыйлық алғанда немесе әлдебір заттарды иелену мағынасында ғана маңызды емес. Ол сондай-ақ сыртқы бейнесімен емес, сенім мен өзара мүдделер негізінде қарым-қатынас құруды үйренуге де көмектеседі.

 

  1. Балаңыздың назарын басқаға бұрыңыз

Егер балаңыз бірдеңені алып беруді талап етсе немесе барлығында бар, өзінде ғана жоғын айтып келсе,  назарын басқа жаққа аударуға тырысыңыз. Ол сыйлықты оның не істейтінін талқылаңыз, бар ойыншығын басқа қырынан қолданылып көруіне көмектесіңіз.

Баланың таңдауын ақырын ғана басқа жаққа бағыттаңыз. Мысалы, егер ол үйде машиналары шашылып жатып, тағы бір машина әперуді сұрап отырса, оған магниттік конструктор ұсыныңыз, сонымен қатар оның машинадан артықшылықтары туралы айтып беріңіз.

 

  1. Күте білуді үйретіңіз

Егер бала дәл осы жерде және дәл қазір сыйлық алғысы келсе, оны бірнеше күн немесе апта күтуге көндіріңіз. Егер осы уақыт ішінде оның қалауы басылмай, әлі де сол ойыншықты алғысы келіп отырса, оған балама ұсынып көріңіз немесе өзі жейтін «тәтті» мен балмұздақтан бас тарту арқылы, қалаған ойыншығына жететін ақша жинауға болатынын айтыңыз.

Егер ол одан әрі күтуге дайын болса, сол ойыншық үшін басқа нәрседен бас тартамын десе, ойыншыққа ақша жинауды бірге бастаңыз.

 

  1. Зат емес, эмоция сыйлаңыз

Балаңызға заттардан гөрі эмоцияларды бағалатуға тырысыңыз. Материалдық сыйлықтардың орнына мұражайларға немесе спектакльдерге апарыңыз, көрші қалаға немесе қала сыртына пикникке барыңыз, ойын-сауық орталығына немесе мұз айдынына бірге барыңыз. Ойыншықтар сынып қалады немесе уақыт өте келе ұнамай қалуы мүмкін, бірақ көзімен көрген естеліктер мәңгі баланың жадында қалады.

 

  1. Көбірек сөйлесіңіз

Егер өзіңіздің баланың махаббатын сыйлықпен сатып алып жатқаныңызды байқасаңыз, күніне кемінде 30 минутыңызды тек ұлыңызға немесе қызыңызға арнау үшін кестеңізді өзгертуге тырысыңыз. Демалыс күндерін бірге өткізіңіз, кешкі асты бірге дайындаңыз немесе бірге ыдыс жуыңыз.

Оған сіздің берген затыңыз емес, бірге өткізген уақытыңыз құнды болсын. Бірақ кез келген ережені кейде «бұзып» тұруға болады. Егер мүмкіндік туып тұрса, баланың қалағанын алып беріңіз. Мейлі бұл оның оныншы көлігі болса да. Тіпті бір-екі аптадан кейін онымен ойнамай тастап кетсе де. Бірақ бұл кейде ақшаны ұқыпсыз жұмсауға, дәл осы сәттегі қуаныш сыйлайтын импульсивті әрекеттер жасауға болатынын көрсетеді. Ең бастысы, мұндай ереже «бұзу» әдетке айналмасын.